Түркістан облысында халықтың денсаулығын жақсарту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және инфрақұрылымды жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның жарқын көрінісі – Сайрам ауданы бойынша жедел медициналық жәрдем қызметінің №22 Ақсукент бас бекетінің толықтай жаңғыртылып, қайта іске қосылуы. Бұл аудан тұрғындарына көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасын айтарлықтай арттыратын маңызды қадам. Ақсукенттегі бас бекетте реконструкциялау жұмыстары үнемделген бюджет қаражаты және демеушілердің қолдауымен жүзеге асып, жаңа кейіпте ел игілігіне ұсынылды. Жаңарту нәтижесінде аудан аумағындағы барлық жедел жәрдем бекеттерінің бақылау және үйлестіру жүйесі күшейтіліп, төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет ету мүмкіндігі артты. Сайрам ауданында жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмыс ауқымы кең – қызмет көрсету радиусы 100 шақырымға дейін жетеді. Ауданда 3 кіші бекет, 6 дислокациялық пост және 21 жедел жәрдем бригадасы тәулік бойы қызмет көрсетеді. Оның ішінде, Ақсукент бас бекетінде 13 бригада жұмыс істесе, барлығы 180 медициналық қызметкер халыққа жедел көмек көрсетуде. Мұнда 20 дәрігер, 101 фельдшер және 59 жүргізушіден құралған кәсіби мамандар құрамы бар. Жаңғыртылған бас бекет заман талабына сай толық жабдықталды. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі – жедел жағдайларда дұрыс әрі тиімді шешім қабылдаудың кепілі. Бұл тек жедел жәрдем қызметінің әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік нысандарды жаңғырту, денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын күшейту бағыты бойынша тұрақты түрде дамып келеді. Әсіресе ауылдық аймақтарда медициналық инфрақұрылымды жақсарту – облыс әкімдігінің басты басымдықтарының бірі. Сайрам ауданындағы жедел жәрдем бекетінің жаңартылуы осы саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Халықтың өмір сапасын жақсарту – тұрақты даму көрсеткіші. Ал жедел медициналық көмек жүйесін жаңғырту – Түркістан облысының әлеуметтік дамуының маңызды бөлігі. Осындай жобалар өңір тұрғындарының денсаулығын қорғауға, дәрігерлердің мүмкіндігін кеңейтуге, ең бастысы – адам өмірін сақтауға бағытталған игі бастамалар қатарын толықтырып келеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
