ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫНА АЙНАЛДЫ

Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраға бай өңір ретінде экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналуда. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте туризмді дамыту және туристік жобаларды жандандыру мәселелері талқыланып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берілді. Туристік инфрақұрылымды дамыту, тарихи-мәдени орындарды тиімді пайдалану, халықаралық деңгейдегі мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыру арқылы облыс экономикасына жаңа инвестициялар тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабардың ашылуы – өңірге шетелдік және ішкі туристер ағынын арттыруға, туризм саласындағы бизнестің дамуына жол ашатын маңызды жоба болып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда облысқа келген туристер саны 13,2%-ға өсіп, 830,1 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш туризмнің экономикалық әсерін айқын көрсетеді, себебі туристер санының артуымен бірге қонақ үй, қоғамдық тамақтану, сервистік қызметтер, логистика, қолөнер және этнотауар өндірісі секторы дамып, өңірдің ЖӨӨ көлемі мен салық түсімі артады. Түркістан облысында 1700-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш бар, бұл инвесторлар үшін тартымды бренд активіне айналады және халықаралық туризм нарығында бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар облыста 251 орналастыру орны мен 117 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді, бұл туристік инфрақұрылымды кеңейту мен жаңа жобаларды іске қосу үшін дайын база болып табылады. Мәдени және спорттық халықаралық іс-шараларды өткізу өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады, шетелдік туристердің санын көбейтеді және жаңа бизнес-жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді. Ертай Алтаев жауапты тұлғаларға туристер ағынын арттыру және жаңа бастамаларды іске асыру бойынша тапсырмалар жүктеді. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының туризмін тұрақты экономикалық секторға айналдырып, өңір экономикасына жаңа кірістер мен жұмыс орындарын қамтамасыз ететін стратегиялық қадам болып отыр, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны инвестициялық тартымдылыққа және тұрақты экономикалық өсуге айналдырады.