ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАҢА ТҰҚЫМБАҒЫ ІШКІ НАРЫҚТЫ ОТАНДЫҚ ӨНІММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Түркістан қаласында 10 гектар аумақта іске қосылған жаңа тұқымбақ – өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға ғана емес, сонымен бірге отандық өнімнің сапасын арттыру, жасыл экономикаға көшу, шекара маңындағы сауданы дамыту сияқты стратегиялық бағыттарға ықпал ететін маңызды жоба. Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес қолға алынған бастама өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді. «SK GeoKart» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында ашылған тұқымбақ Қазақстанда өсірілетін гүлдер мен жасыл желектің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін көптеген қала көркейту жұмыстары шетелдік көшеттерге тәуелді болып келгені жасырын емес. Ал жаңа тұқымбақ жыл сайын, 700 мың біржылдық гүл, 1 млн жапырақты ағаш көшеті, 500 мың қылқанжапырақты ағаш көшетін өсіруді жоспарлап отыр. Бұл – ішкі нарықты толықтай отандық өніммен қамтып, импорт көлемін азайтатын маңызды қадам. Тұқымбақ жұмысы тұрақты жолға қойылса, Қазақстанда қала көгалдандыру саласында өз өнімін өзі өндіретін тұрақты жүйе қалыптасады. Тұқымбақ аумағындағы жылыжайлар өндірістік және агротехникалық талаптарға толық сай жабдықталған. Мұнда, топырақ құрамын бақылау, тамшылатып суару жүйесі, температура мен ылғалдылықты автоматты реттеу, зиянкестерден биологиялық қорғау әдістері, сияқты озық технологиялар қолданылуда. Осының бәрі өсімдіктердің сапасын арттырып, жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тәуелсіз Қазақстан үшін маңызды, өйткені сапалы, ұзақ өмір сүретін көшеттер елді мекендерді абаттандыру шығындарын азайтады, ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады. Түркістан облысы Өзбекстанмен шекараласады. Бұл – аграрлық өнімдер мен жасыл желек көшеттерін экспорттау үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа тұқымбақ іске қосылуы арқылы, Түркістан өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан нарықтарына шығуға әлеуетке ие, шекара маңындағы орта және шағын кәсіпкерлік күшейеді, көшет, гүл, сәндік өсімдіктер экспортынан түсетін кіріс артады, логистикалық инфрақұрылым дамиды. Орталық Азияда жасыл құрылыс пен урбанистік жобалар қарқын алып жатқанын ескерсек, Түркістан өңірі өңірлік орталыққа айналуға барлық мүмкіндігі бар. Тұқымбақ өнімдері көрші елдерге экспортталса, бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті жасыл өнімін қалыптастыруға жол ашады. Қала аумағын көгалдандыру – тұрғындардың өмір сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі. Жасыл желек, ауаны тазартады, ыстық климатта температураны төмендетеді, қала микроклиматын реттейді, экологиялық қауіпсіздікті күшейтеді. Экологиялық ахуалдың жақсаруы инвесторлар үшін аймақтың тартымдылығын арттырады. Туризм, құрылыс, логистика салаларының дамуы – өңір экономикасын ұзақ мерзімді өсімге шығаратын бағыттар. Түркістандағы 10 гектарлық жаңа тұқымбақ – жай ғана көгалдандыру нысаны емес, экономикалық даму, шекаралық сауда, экологиялық қауіпсіздік және импортты алмастыру саясатының маңызды бөлігі. Бұл жоба, отандық өнімнің сапасын арттырады, жаңа өндіріс орындарын қалыптастырады, Түркістанның экспорттық әлеуетін күшейтеді, шекара маңындағы сауданы дамытады, өңірді жасыл әрі қауіпсіз қала ретінде дамытуға үлес қосады.