ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ӨНДІРІСТІҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің экономикалық және инвестициялық картасында ерекше орынға ие бола бастады. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және шетелдік капитал тарту бағытында нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, өзара ынтымақтастық орнату және жаңа жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Кездесу барысында тараптар Түркістан облысында бизнес жүргізудің қолайлы шарттарын, өңірдің географиялық және логистикалық артықшылықтарын сөз етті. Облыс басшысы өңірдің стратегиялық маңызына тоқталып, инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туралы айтты.

– Бүгінде Түркістан облысы – еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан мақта талшығын экспорттаушы ел ретінде танылғанымен, дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан бұл бағытта өз өндірісімізді дамытудың маңызы зор. Біз инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылып, салықтық және кедендік жеңілдіктер енгізілді. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға толық қолдау көрсетілуде, – деді Нұралхан Көшеров. Кездесуде инвесторлар Түркістан облысының даму қарқыны мен инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, бірқатар өндіріс жобаларын іске асыруға мүдделі екенін жеткізді. Қос тарап жаңа серіктестік бағыттарын айқындап, өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жөнінде алдын ала келісімге келді. Айта кетейік, Түркістан облысы соңғы жылдары шетелдік капитал тарту бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Биыл облысқа негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 1 трлн 427,1 млрд теңгеге жеткізу межеленген. Ал 9 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 1 трлн 12,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,9%-ға жоғарылаған. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де күткеннен жоғары нәтиже көрсетті. 2025 жылға бекітілген 475 млн АҚШ доллары көлеміндегі жоспар артығымен орындалып, II тоқсанның қорытындысы бойынша көрсеткіш 543,5 млн АҚШ долларына жетті. Бұл Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі беделінің артып, инвесторлар сенімінің күшейгенін көрсетеді.