САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ

Сарыағаш ауданы соңғы жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында қарқынды істермен көзге түсіп келеді. Бұл – өңір экономикасын әртараптандыру мен халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Аудан әкімі Арман Абдуллаев елді мекендердегі құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың барысын бақылап, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінде жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы мердігер мекемелерге жобаларды сапалы әрі уақытылы орындауды, сондай-ақ тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне жұмыстардың орындалуын жүйелі бақылауда ұстауды тапсырды. Әкім атап өткендей, елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – аудандағы ең өзекті бағыттардың бірі. Бұл ретте тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, ауыл халқының өмір сүру жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.  Жылға ауылдық округіне қарасты Қарақалпақ елді мекенінде көгілдір отын жеткізу жобасы жүзеге асуда. Мердігер – «Бақ-Ерке строй» ЖШС, ал тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Жоба аясында ұзындығы 14 шақырымдық газ желісі тартылып, 158 тұрғын үйді табиғи газбен қамту көзделген. Сондай-ақ, Дарбаза ауылдық округінің Құрысай, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерінде де газ жүйесін жүргізу жұмыстары жалғасуда. Бұл жобаның жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайды, нәтижесінде 207 үй көгілдір отынға қосылады. Мердігер – «Ынтымақ-ОК» ЖШС. Мұндай жобалардың жүзеге асуы – тек тұрмыстық жағдайды жақсарту ғана емес, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтудің нақты тетігі. Газ және су жүйелерінің жетілдірілуі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге, жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің ашылуына жол ашады. Инфрақұрылымдық жаңғыру Сарыағаштың шекара маңындағы аймақ ретіндегі маңызын арттырып, экономиканы әртараптандырудың тиімді үлгісіне айналып отыр. Энергетикалық және инженерлік жүйелердің дамуы – өңірдің индустриялық-инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жергілікті жұмыс орындарын көбейтуге және бюджет түсімін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар – мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде нақты көрінісі. Бұл – ауылдың келбетін жаңғыртып, тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз қалау деген сөз.