Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, инновациялық тәсілдерді енгізу және өнім сапасын арттыру бағытында нақты нәтижелер көрініс табуда. Соның бір айғағы – «Дар Арганик» шаруа қожалығының бастамасы. Аталған шаруашылық биыл Финляндиядан сүт бағытындағы «Айршери» тұқымды 91 бас асыл тұқымды ірі қара малын әкеліп, өңірдің сүт өндірісін жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде бұл шаруашылық тәулігіне шамамен 2,5 тонна майлылығы 4 пайыздан асатын жоғары сапалы сүт өндіріп отыр. Өнім аудандағы «Майлыкент сүт» зауыты мен көршілес Сайрам ауданына жеткізіліп, нарықта жоғары сұранысқа ие болып отыр. Әр сиыр тәулігіне орта есеппен 25-33 литр сүт береді, бұл – аймақтық көрсеткіштер бойынша жоғары өнімділік саналады. Кәсіпкер Данияр есімді азаматтың бастамасы – ауыл кәсіпкерлігін дамытудың нақты үлгісі. Әр бас сиырдың құны 3 500 еуро болса да, шаруашылық иесі бұл жобаны өз қаражаты есебінен іске асырып, бүгінде алғашқы табыстарын көріп отыр. Жобаның басты ерекшелігі – өндіріс процесінің толық автоматтандырылғандығында. Сауу жұмыстары заманауи құрал-жабдықтармен жүргізіліп, еңбек өнімділігі едәуір артқан. Бүгінгі таңда шаруашылықта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауыл халқының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге өз үлесін қосып отырған нақты нәтиже. Аудан әкімі Асқар Естібаев өндіріс орнында болып, сүт фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпкермен пікір алмасу барысында әкім ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несие алу, инвестициялық қолдау тетіктері және экспортқа бағытталған өнім өндірушілерге көрсетілетін жеңілдіктер туралы түсіндірді. Асқар Сұлтанұлы кәсіпкердің бастамасын қолдап, жауапты мамандарға жобаны сүйемелдеу бойынша нақты тапсырмалар берді. Кәсіп иесі алдағы уақытта мал санын 391 басқа, ал ұзақ мерзімді перспективада 1500 басқа дейін арттыруды көздеп отыр. Айта кетерлігі, «Дар Арганик» шаруашылығы – еліміздегі «Айршери» тұқымды ірі қараның ресми патент иегері. Бұл Қазақстандағы мал шаруашылығында жаңа генетикалық бағыттың дамуына жол ашпақ. Сонымен қатар, фермада биылдың өзінде 82 бұзау алынған. Бұл – мал басының табиғи өсімі мен сүт өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Аудан бойынша бүгінде 193 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысса, соның 5-еуі сүт өндіру саласында жұмыс істейді. «Дар Арганик» сынды инновациялық бағыттағы шаруашылықтар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, болашақта экспортқа бағытталған сүт өнімдерін өндірудің нақты алғышартын қалыптастыруда. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Ауыл шаруашылығын дамыту», «Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты өсіру» және «Ұлттық экспорттаушыларды қолдау» бағдарламалары аясында мұндай жобалар өңірлік экономиканы нығайтып, ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
