ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА  ЗАМАНАУИ ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түлкібас ауданында халық игілігіне бағытталған игі істердің қарқыны артып келеді. Соның айғағы ретінде аудан орталығындағы «Көкжайлау» мөлтек ауданында және Сейдалиев көшесіндегі көп қабатты үйлердің аулаларында заманауи талаптарға сай жабдықталған қос бірдей балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Бұл — тек балаларға арналған демалыс орны ғана емес, ауданның әлеуметтік инфрақұрылымының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін нақты нәтиже. Жаңа ойын алаңшалары заманауи стандарттарға сай салынған. Мұнда балалардың қауіпсіздігіне басымдық беріліп, жұмсақ резеңке төсеніштер, сапалы құрал-жабдықтар мен жарық шамдар орнатылған. Алаңшаларда түрлі жастағы балаларға арналған әткеншектер, сырғанақтар мен спорттық элементтер орналастырылған. Бұл – салауатты өмір салтын ұстануға, балалардың физикалық және әлеуметтік дамуына қолайлы жағдай туғызады. Алаңшалардың ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Шара барысында аудан басшысы бұл нысандардың салынуы — тұрғындардың өтініші мен ұсыныстарының нәтижесі екенін атап өтті. Айта кетерлігі, осы мәселе бұған дейін аудан әкімінің есептік кездесуінде тұрғындар тарапынан көтерілген болатын. Қысқа мерзім ішінде бұл ұсыныс жүзеге асып, елдің сенімін ақтаған игі іске айналды. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ата-аналар мен балалар алғысын жаудырды. Мұндай жобалар – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жарқын көрінісі. Соңғы жылдары Түлкібас өңірінде тұрғын үй аулаларын абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу және әлеуметтік нысандар салу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Балаларға арналған инфрақұрылымның көбеюі – болашаққа салынған инвестиция. Себебі бұл тек ойын алаңы емес, ұрпақтың бақытты балалығына, ата-аналардың тыныштығына, ал қоғамның үйлесімді дамуына жол ашатын маңызды қадам. Түлкібаста ашылған қос ойын алаңы – ел мен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің айқын белгісі. Бұл бастама аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, ауылдық жерлерде жайлы өмір сүруге мүмкіндік жасауға бағытталған істердің бір парасы ғана. Осындай нақты жобалар арқылы өңірдің әлеуметтік келбеті жаңарып, тұрғындардың тұрмыс деңгейі жақсарып келеді. Түлкібас – балалар күлкісі мен халық қуанышы қатар өрілген берекелі мекенге айналып келеді.