Түркістан облысының инфрақұрылымдық даму картасында ерекше мәнге ие жобалардың бірі – М-39 «Ташкент–Термез» халықаралық автомагистралі. Бұл бағыт тек облыс пен аудан экономикасының тірегі ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда және көлік қатынастарының маңызды артериясы болып табылады. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы 24,1 шақырымдық бөлігі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын «Максдорстройсервис-21» ЖШС жүзеге асыруда, ал тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы. Нысанды толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Мақтаарал ауданы – еліміздің оңтүстігіндегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Мұнда ауыл шаруашылығы, сауда, шағын және орта бизнес жақсы жолға қойылған. Ал осы әлеуеттің толық жүзеге асуы сапалы жол инфрақұрылымына тікелей байланысты. М-39 халықаралық трассасының қайта жаңғыртылуы – бұл тек жолды жөндеу емес, ауданның көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, жүк және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған стратегиялық инвестиция. Жоба аясында, ескі бордюрлер толық алынып, олардың орнына жаңа, заманауи үлгідегі бордюрлар орнатылуда, жол жабынының сапасы халықаралық стандарттарға сәйкестендірілмек, қозғалыс қауіпсіздігі үшін белгілер, жарықтандыру және қоршаулар жаңартылады. Мақтаарал ауданындағы М-39 автомагистралі тек ішкі қозғалысты жеңілдетіп қана қоймай, шекаралық сауда мен халықаралық жүк айналымының өсуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауданға жаңа инвестициялық ағым мен кәсіпкерлік белсенділікті арттырады. Аудан әкімі Бақыт Асанов пен аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев құрылыс алаңында болып, мердігер ұйымның жұмысымен танысты. Әкім сапа мен мерзімнің қатаң сақталуын, сонымен қатар жөндеу кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды. «М-39 трассасының жаңаруы – бұл Мақтааралдың ғана емес, жалпы Түркістан облысының экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Бұл жол арқылы сауда мен туризм дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады, ең бастысы – тұрғындардың өмір сапасы артады», – деді аудан әкімі. Соңғы жылдары Түркістан облысында жол саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Аймақ бойынша мыңдаған шақырым жол қайта жөндеуден өтіп, өңірдің экономикалық картасы түбегейлі өзгеруде. Бұл бастамалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің теңгерімді дамуы мен инфрақұрылымдық жаңғыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Мақтааралдағы М-39 жобасы да осы саясаттың нақты көрінісі. Бұл тек көлік қатынасының сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды фактор.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
