Түркістан облысының экономикалық дамуы мен әлеуметтік өркендеуі соңғы жылдары жаңа белеске көтерілді. Бұл серпінді өзгерістер ауыл-аймақтарда айқын сезілуде. Соның жарқын мысалы — Мақтаарал ауданының Достық ауылдық округіне қарасты Хайдар ауылының табиғи газ жүйесіне қосылуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оның ішінде табиғи газ тарту – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Осы қуанышты жаңалыққа орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Өз сөзінде ол газдандырудың мәні мен маңызына тоқталып: «Газ тарту — жай ғана құбыр жүргізу емес. Бұл — өмір сапасының артуы, халықтың жайлылығы, қоршаған ортаның қорғалуы. Ауылдағы әрбір үйге жылу кіріп, ас үйде көгілдір отын жанып тұрса — бұл мемлекеттің, облыс пен аудан басшылығының қамқорлығының нәтижесі», — деді. 2 мыңнан астам халқы бар, көпұлтты Хайдар ауылының тұрғындары үшін бұл оқиға — ұзақ жылдар күткен үлкен қуаныш. Бұған дейін көмір жағып, отын жарып, күл шығарумен әуре болған ауыл халқы енді табиғи газдың игілігін көріп, тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Мақтаарал ауданындағы газдандыру жұмыстары соңғы жылдары ерекше қарқын алған. Қазіргі таңда ауданға қарасты 68 елді мекеннің 54-і, яғни 79 пайызы, табиғи газ жүйесіне қосылған. Бұл – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуының айқын көрсеткіші. 2024 жылдың басынан бері Тұран, Қарақыр, Өнімкер, Арайлы, Ырысты, Достық, Жеңіс, Мырзатөбе және Гүлістан ауылдарына көгілдір отын жеткізілді. Ал 2026 жылдың соңына дейін аудан толықтай – 100% табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Бұл бастама тек тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауданның экономикалық әлеуетін арттырады. Газ жүйесінің дамуы жаңа өндіріс орындарын, шағын және орта бизнес жобаларын іске қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экологиялық жағдайды жақсартып, көмір мен ағаш отынына деген тәуелділікті азайтады. Табиғи газға қосылу – ауыл тұрғындары үшін денсаулық пен қауіпсіздіктің кепілі. Қатты отынның түтіні мен шаңынан арылу — экологиялық таза, заманауи өмір салтына қадам. Қыс мезгіліндегі көмір тапшылығы мен қымбатшылық мәселесі де шешімін табады. Хайдар ауылының тұрғындары бұл игілікті өзгерісті шын жүректен қабылдап, ел мен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Олар үшін көгілдір отын – тұрмыстық жайлылық қана емес, жақсы өмірге бастайтын жаңа белес. Түркістан облысы бүгінде инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға инвестиция тарту жөнінен республикада алдыңғы қатарда. Газ, су және жол мәселелерін шешу арқылы облыс басшылығы өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
