Түркістан облысының экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Соның бір айқын дәлелі – Мақтаарал ауданындағы Өргебас ауылының табиғи газ жүйесіне қосылуы. 2 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың көгілдір отынға қол жеткізуі – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың нақты нәтижесі. Өргебас ауылындағы қуанышты сәтті бөлісу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы барып, тұрғындарды табиғи газға қосылуымен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде газбен қамтудың тұрғындар үшін тұрмыстық жеңілдікпен қатар, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан да зор маңызға ие екенін атап өтті. Бұрын көмір жағып, отын жарып, күл шығарумен әбігер болған ауыл азаматтары енді экологиялық таза әрі тиімді отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Газ мамандары ауыл тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін кеңінен түсіндіріп, тұрмыста газды тиімді әрі қауіпсіз қолданудың жолдарын үйретті. Тұрғындар да бұл қуанышты жаңалықты мереке қарсаңындағы үлкен сый деп қабылдап, газдандыру жұмыстарына атсалысқан облыс пен аудан басшылығына, сондай-ақ қаржы бөлінісіне бастамашы болған облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Қанаевқа ризашылықтарын білдірді. Мақтаарал ауданындағы газдандыру ісі соңғы жылдары ерекше қарқын алған. Қазіргі таңда ауданға қарасты 68 елді мекеннің 58-і, яғни 85 пайызы, табиғи газ жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіш өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын айғағы. Ал қалған ауылдарда құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Мақтаарал ауданы 100% табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Бұл – халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңір үшін орасан зор жетістік болмақ. Газдандыру жұмыстары өңір экономикасына серпін беріп, экологиялық ахуалды жақсартуға, отын тасымалы мен жылу көздеріне жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, көгілдір отынның келуі ауылдық аймақтарда шағын кәсіпкерліктің дамуына да жол ашады. Себебі газбен қамтамасыз етілген ауылдарда наубайхана, жылыжай, қоғамдық тамақтану орындары сияқты өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік молаяды. Түркістан облысы бүгінде еліміздегі ең серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Инфрақұрылымдық жобалар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстар – облыстың экономикалық өрлеуінің басты тетігіне айналып отыр. Мақтааралдағы Өргебас ауылының газбен қамтылуы – ауыл өмірінің жаңа белесі ғана емес, өңірдің тұрақты дамуының, тұрғындар әл-ауқатының артуының нақты көрінісі.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
