Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда тұрақты өсім көрсетіп келе жатқан аймақтардың бірі. Әсіресе, өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру мен инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Соның айқын мысалы – спорт саласында жүргізіліп жатқан ауқымды жобалар. Спорт нысандарының көбеюі тек дене шынықтыру мәдениетін дамытуға емес, сонымен қатар өңірдің экономикасы мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға тікелей ықпал етіп отыр. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында 66 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бұл – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіру және азаматтардың өмір сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам. Қазіргі таңда облыс бойынша 3540 спорт нысаны тіркелген, оның ішінде 3041-і ауылдық жерлерде орналасқан. Демек, мемлекет қолдауы ауылдағы жастардың да спортқа қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров спорт инфрақұрылымын дамыту тек әлеуметтік міндет емес, сонымен бірге экономикалық дамудың да бір тетігі екенін атап өтті.
– Аудан, қалаларда спорт нысандарына деген қажеттілікті реттеу бағытында жасалған үш жылдық кешенді жоспар жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Спорт саласына жеке инвесторлар мен демеушілерді тарту арқылы жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет, – деді өңір басшысы. Шынында да, спорт инфрақұрылымының дамуы өңірге жаңа инвестициялық ағын әкеліп отыр. Қазіргі таңда облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 10-ы 2026 жылға өтпелі. Ал 2025 жылы 16 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жоспарланып, оған 1 млрд теңге қаржы бөлінген. Мұндай жобалар жергілікті кәсіпкерлердің белсенді қатысуымен жүзеге асуда, бұл өз кезегінде өңірлік бизнестің дамуына серпін беріп отыр. Түркістан облысы бүгінде бұқаралық спорт пен туризмді экономикалық өсудің жаңа драйверіне айналдыруды көздеп отыр. Ірі спорттық нысандардың ашылуы – бұл тек инфрақұрылым емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындары, қызмет көрсету саласының жандануы және жергілікті кәсіпорындарға тапсырыстың артуы. Мәселен, Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт кешендері апта сайын 1000-ға жуық қала тұрғынына тегін қызмет көрсетеді. Мұндай бастамалар халықтың белсенді өмір салтын қалыптастырумен қатар, өңір экономикасына қосымша құн қосады. Биыл облыс аумағында 3200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 30,5 пайызға артық. Ал спорт саласына бөлінген инвестиция мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңір спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 1248 медаль жеңіп алып, былтырғы көрсеткіштен 21%-ға жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл жетістіктер облыстың экономикалық беделін де арттырып отыр. Себебі, халықаралық деңгейде табысты спортшылар мен сапалы спорт инфрақұрылымы – аймақтың инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Бүгінде Түркістан облысы спорт саласына бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда республика бойынша көш басында тұр. Спорт нысандарының құрылысымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан жаңа спорт мектептері мен фитнес орталықтарын ашуға қызығушылық артқан. Бұл үрдіс аймақтың шағын және орта бизнесін дамытуға мүмкіндік беріп, жергілікті бюджет кірісін арттыруға сеп болып отыр.
