ҰЛТТЫҚ ЭКСПОРТТАУШЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУДІҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

Түркістан облысы – еліміздің агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Соңғы жылдары мұнда ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су ресурстарын үнемді пайдалану және экспортқа бағытталған өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шараларының арқасында аймақтың экономикалық дамуы жаңа серпін алып келеді. Бүгінде Түркістан өңірінде мақта шаруашылығы мен тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында ірі инвестициялық жобалар іске асуда. Соның бірі – Отырар ауданында салынып жатқан заманауи «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның көпфункционалды мақта өңдеу кластері. Бұл жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттырумен қатар, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Аталған нысанда жылына 360 мың тонна шитті мақтаны өңдеу жоспарланған. Кешен толық қуатында жұмыс істеген кезде дайын жіп, мата және тұрмыстық тоқыма өнімдері өндіріліп, ішкі нарықпен қатар сыртқы экспортқа да шығарылады. Жалпы жоба құны 146,8 млрд теңгені құрайды. Іске қосылған соң 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, аймақ халқының әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді. Мақта кластерінің құрылысы барысымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин танысты. Холдинг басшысы өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, агроөнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды қолдау жалғасатынын айтты.

– Түркістан облысы – еліміздің ауыл шаруашылығында ерекше рөл атқаратын аймақ. Мұнда еңбексүйгіш халық пен табиғи мүмкіндіктер мол. Біз экспортқа бағытталған өндірістердің дамуына мүдделіміз. «Бәйтерек» холдингі ұлттық экспорттаушыларды қаржылай қолдауды жалғастырады, – деді Рустам Карагойшин. Түркістан өңірінде су үнемдеу технологияларын енгізу де мемлекеттік қолдаудың маңызды бағытына айналды. Бүгінде Отырар ауданында 32 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен мақта егілуде. Бұл тәсіл суды үнемдеумен қатар, өнім сапасын арттырып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сонымен қатар, «TURAN» арнайы экономикалық аймағының маңында су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақта талшығынан жіп, мата және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын жаңа зауыт салу жоспарлануда. Бұл жоба іске қосылғанда өңірдің экспорт көлемі айтарлықтай өсіп, отандық тоқыма саласының халықаралық нарықтағы беделі арта түспек. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығын қолдау – тек ішкі нарықты дамыту емес, сонымен бірге экспорттық әлеуеті бар ұлттық өндірістерді өркендету. Осы бағыттағы «Бәйтерек» холдингі мен Түркістан облысы әкімдігінің серіктестігі – өңір экономикасын жаңа белеске көтерудің нақты мысалы. Жобалар іске асқан жағдайда Түркістан облысы еліміздің тоқыма өнімдерін экспорттаушы орталығына айналып, Қазақстан экономикасының тұрақты өсіміне елеулі үлес қосады. Ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау – аймақтық дамудың, инновациялық өндірістің және халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі болып қала береді.