Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы өңір инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Соңғы жылдары аймақ экономикасының тұрақты өсуіне жол құрылысы мен көлік инфрақұрылымын жаңғырту жобалары айрықша серпін беріп отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде бақылау және тиімді басқару мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен жол сапасына арналған штаб отырысы өтті. Жиын барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерінің 2025 жылға арналған жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралды. Негізгі мақсат – сапалы жол арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлік пен өндірістік аймақтарға көлік қолжетімділігін күшейту. «Жол құрылысына бөлінген әр теңгенің тиімді жұмсалуы мен сапаның сақталуы – басты міндет. Жол – экономиканың тірегі, ауыл мен қаланы байланыстыратын жүйе. Сондықтан әр нысан бойынша нақты жауапкершілік жүктелуі тиіс», – деді Зұлпыхар Жолдасов. Облыстағы жол инфрақұрылымының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1726 шақырым, ал елді мекен ішіндегі көшелер – 11 305 шақырым. Бұл жолдар өңір экономикасының логистикалық жүйесін қалыптастырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, туризмді дамытуға және шекара маңындағы сауда айналымына тікелей ықпал етуде. «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» жыл басынан бері облыс көлемінде 1200-ден астам жол материалдарын сынақтан өткізіп, сапаны арттыру бағытында нақты ұсыныстар әзірлеген. Қазіргі таңда 29 асфальтбетон зауыты жұмыс істейді, оның 5-еуінің қызметі уақытша тоқтағанымен, қалғандары толық қуатта іске қосылған. Бұл өндірістік нысандар облыстың құрылыс индустриясына айтарлықтай үлес қосып отыр. 2025 жылы жалпы ұзындығы 212,9 шақырым болатын 11 жол жобасы жүзеге асырылады. Оның ішінде 2 нысанда күрделі, 9 нысанда орташа жөндеу жүргізілуде. Жобалар аяқталғанда облыс бойынша жол желісінің 90 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілмек. Жол сапасын арттыру – тек құрылыс саласы емес, аймақтың экономикалық дамуының басты факторы. Сапалы жол – ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарыққа тез жетуін, туризм әлеуетінің артуын, шағын және орта бизнестің дамуын қамтамасыз етеді. Жиын қорытындысында Зұлпыхар Жолдасов жауапты құрылымдарға жұмыстың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Түркістан облысы әкімдігі бұл бағыттағы шараларды өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
