ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША ЕЛ КӨШІН БАСТАП ТҰРҒАН ӨҢІР

Түркістан облысы негізгі капиталға инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республика өңірлері арасында алдыңғы қатарға шықты. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды. Кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру, атап айтқанда, экономикаға инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу бағытындағы жұмыстардың барысы талқыланды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың 9 айында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 13,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға артық көрсеткіш. Ең үлкен өсім энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларында байқалды. Қаражаттың негізгі бөлігі жылжымайтын мүлік, көлік және тау-кен өндірісіне бағытталған. Осы көрсеткіштердің ішінде Астана қаласы мен Түркістан облысы инвестиция тарту көлемі бойынша көш бастап тұр. Бұл Түркістан өңірінде соңғы жылдары жүргізіліп жатқан жүйелі экономикалық саясат пен ірі жобалардың тиімді іске асырылып жатқанын көрсетеді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен аймақта инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нақты индикаторлар бекітілген. Соның нәтижесінде 2025 жылдың 9 айының қорытындысымен облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1 трлн 12,2 млрд теңгеге жетті. Бұл жоспарланған межеден (828 млрд тг) әлдеқайда жоғары көрсеткіш және өткен жылмен салыстырғанда 115,9 пайыздық өсім тіркелген. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де айтарлықтай артқан. II тоқсанның қорытындысы бойынша шетелден тартылған капитал 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалған. Облыста 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаның пулы әзірленген. Бұл жобалар іске асқанда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биылдың өзінде 33 жоба іске қосылып, 4 793 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нәтижесінде жеке инвестициялар көлемі 161 млрд теңгеге жеткен. Ірі өндірістер – өңір экономикасының тірегі. Мемлекет басшысы жүктеген «шикізат экспорттаушы емес, өнімді терең өңдеуші елге айналу» міндетін орындау мақсатында Түркістан облысында бірнеше ірі өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр.

Атап айтқанда, «Созақ Фосфат» ЖШС – жылына 1,6 млн тонна фосфорит кенін өңдейтін зауыт (Созақ ауданы), «Састөбе Инновациялық кешені» ЖШС – каустикалық сода, ПВХ, цемент және әк шығару зауыты (Түлкібас ауданы), «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС – жылына 100 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін кәсіпорын (Созақ ауданы), «Kazakhstan Lihua» ЖШС – мақта кластері (Түркістан қаласы), «Казкрахмал» ЖШС – жүгеріні терең өңдеу зауыты (Шардара ауданы).

Бұл жобалар іске қосылған соң өңірде өндірістік қуат бірнеше есеге артып, экспорттық әлеует күшеймек.