ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУДІҢ ТІРЕГІ

Шардара ауданының 60 жылдығы аясында іске қосылған әлеуметтік нысандар — өңірдің экономикалық әртараптандыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай жобалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға және өңір экономикасын өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне көтеруге бағытталған. Ж.Қолдасов көшесінде орналасқан 6 қызметтік тұрғын үйдің кілттері әлеуметтік сала қызметкерлеріне табысталды. Бұл – экономиканы әртараптандыру саясатының әлеуметтік бағытымен ұштасқан нақты нәтижесі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы №736 қаулысы аясында жүзеге асқан жоба арқылы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында еңбек етіп жүрген мамандар тұрғын үймен қамтылды. Жобаның іске асуы жергілікті құрылыс ұйымдарының жұмысын жандандырып, инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына серпін берді. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев салтанатты іс-шарада баспаналы болған қызметкерлерді құттықтап, бұл бастаманың Шардараның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтті. – «Шардараның дамуы – әр сала мамандарының ерен еңбегінің жемісі. Қызметтік үйлер тек баспана емес, өңіріміздің тұрақтылығы мен әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі», – деді аудан басшысы. Қызметтік баспаналар – әлеуметтік сала мамандарын өңірде тұрақтандыруға бағытталған тиімді шешім. Баспана иелерінің қатарында Шолпан Әмірова мен Жансұлу Жұмаділла секілді өз ісінің үздік мамандары бар. Алматы мен Арыс қалаларынан қоныс аударған бұл дәрігерлер бүгінде Шардара аудандық орталық ауруханасында қызмет етіп, жергілікті медициналық қызметтің сапасын арттыруға және тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсетуге үлес қосып келеді. Бұл – адам капиталына салынған инвестицияның нақты нәтижесі, әрі ауданның әлеуметтік және экономикалық әлеуетін қатар көтерудің тиімді тетігі. Соңғы жылдары Шардара ауданы экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту және жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану бағытында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Мұндай жобалар арқылы аудан жергілікті кәсіпорындардың белсенділігін арттырып, құрылыс және қызмет көрсету секторын дамытуда. Сонымен қатар, тұрғын үймен қамту арқылы жастарды ауылда ұстап қалу, еңбек нарығын тұрақтандыру және экономикалық белсенділікті арттыру мақсаттары да орындалуда. Әлеуметтік сала қызметкерлерін тұрғын үймен қамту – халыққа қамқорлық пен мемлекеттің әлеуметтік әділеттілік қағидатына беріктігінің нақты көрінісі. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әлеуметтік мемлекет – Әділетті Қазақстанның басты тірегі» деген ұстанымымен үндес бастама.