ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМУДА

Қазығұрт ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы – Шарбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақбастау елді мекенінде бой көтеріп жатқан жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов нысанның құрылыс барысымен танысып, сапар барысында мердігер мекемеге сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Жаңа медициналық пункттің салынуы ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке жақын және қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Мұнда дәрігерлер мен фельдшерлер жұмыс істеп, ауыл тұрғындарына шұғыл және жоспарлы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Нысан толық пайдалануға берілген соң, заманауи жабдықтармен қамтылып, акушерлік және терапиялық көмек сапасы артады. ФАП-тың салынуы тек медициналық қызметтің сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік және экономикалық дамуына да оң әсер етеді. Себебі мұндай әлеуметтік нысандардың ашылуы ауылдан көшу үдерісін тежеп, ауылдық елді мекендерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл жоба мемлекеттік және жеке инвестициялардың тиімді үйлесімін көрсетіп отыр. Инфрақұрылымдық даму мен әлеуметтік салаға бағытталған мұндай жобалар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Қазығұрт ауданында соңғы жылдары денсаулық сақтау, білім беру және спорт саласындағы бірқатар нысандар бой көтеріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуде. Ақбастау елді мекенінде салынып жатқан жаңа медициналық пункт – осы бағыттағы ілкімді істердің жарқын жалғасы. Жаңа нысанның құрылысы – ауыл халқының өмір сапасын арттыруға, өңірдің тұрақты дамуына және азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды инвестициялық қадам.