ТҮЛКІБАС: ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҮЛЕСІМЕН СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМУДА

Түлкібас ауданында әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты нәтижелер бар. Биылдың өзінде аудан аумағында 5 жаңа спорт алаңшасы салынса, оның 4-еуі жеке демеушілердің қаржылай қолдауымен іске асқан. Бұл – өңірдегі жеке инвестиция мен қоғамдық жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Бүгін Азаттық ауылында осындай игі жобалардың бірі – заманауи кіші футбол алаңшасы ел игілігіне берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Алаңша құрылысына ауыл тумалары, кәсіпкер азаматтар Әсет Шыңғысбаев пен Алмас Ешпенбет шамамен 15 миллион теңге көлемінде жеке қаражат бөліп, туған ауылдарының дамуына үлес қосты. Бұл бастама – жергілікті кәсіпкерлердің туған жерге деген жанашырлығын, сонымен қатар жеке капиталдың әлеуметтік салаға бағытталуының нақты мысалы. Жаңа спорт нысаны ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға, қоғамдық белсенділікті арттыруға, жастар арасындағы әлеуметтік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Биыл Түлкібас ауданында жүзеге асқан спорт алаңшаларының 80%-ы жеке қаржы есебінен салынған. Бұл – өңір экономикасына қосымша инвестицияның құйылып жатқанын, жергілікті кәсіпкерлердің өз ауылдарының болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Мұндай әлеуметтік жобалар тек спорт инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, жергілікті құрылыс компаниялары мен жұмысшыларға қосымша табыс көзі болуда. Яғни, бұл бастамалар жергілікті экономиканың айналымын арттырып, ауыл экономикасының тіршілігін жандандыруға септігін тигізіп отыр. Аудан әкімдігі алдағы уақытта футбол алаңының айналасын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл тек спорт нысанының сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, ауыл экожүйесін көркейтіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырмақ. Сонымен қатар, бұл бастама өңірде жасыл аймақтар мен қоғамдық кеңістіктерді көбейту жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарлармен үйлеседі.