ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

Түркістан қаласы соңғы жылдары еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Қаланың келбеті күн сайын өзгеріп, тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық жобалар халықтың өмір сапасын арттырумен қатар, облыстың экономикалық және инвестициялық әлеуетін күшейтуге айтарлықтай үлес қосуда. Биылғы жылдың басынан бері 432 пәтердің кілті иелеріне табысталып, жүздеген отбасы қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 512 пәтердің пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Осылайша, жалпы 944 отбасы жаңа баспанаға ие болмақ. Қазіргі уақытта 23 370 азамат тұрғын үй алу кезегінде тұр. Бұл — тұрғындарға деген сұраныстың жоғары екенін және қалада халық санының қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетеді. Тұрғын үй құрылысы – тек әлеуметтік мәселені шешу емес, ол өңір экономикасына тікелей серпін беретін сала. Түркістанда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер жергілікті құрылыс материалдары зауыттарына, жол, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылым жүйелеріне қосымша сұраныс тудырып отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына жол ашты. Қалада тұрғын үймен бірге сумен жабдықтау, газ, электр және жол инфрақұрылымын дамыту жобалары да қатар жүргізілуде. Мұндай кешенді тәсіл қала халқының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, инвесторлар үшін де қолайлы орта қалыптастырып отыр. Түркістан бүгінде еліміздің инвестициялық картасында ерекше орынға ие. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң аясында өңірге жаңа қаржы құралдары мен жеңілдіктер қарастырылып, құрылыс пен бизнес жүргізу процесі жеңілдетілді. Нәтижесінде, соңғы екі жылда қалада жеке инвесторлар есебінен тұрғын үй, сауда орталықтары мен әлеуметтік нысандар салу көлемі бірнеше есеге артты. Сондай-ақ, құрылыс саласында отандық компаниялармен қатар шетелдік инвесторлар да белсенділік танытып, өңірдің экономикалық инфрақұрылымына қаржы құюда. Бұл Түркістанды Оңтүстік аймақтың инновациялық әрі инвестициялық орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.