ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫ ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Түркістан облысының Келес ауданында елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл — өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.Жуырда Келес ауданы, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекеніне табиғи газ берілді. Енді ауыл тұрғындары көптен күткен «көгілдір отынға» қосылып, заманауи өмірдің игілігін көре алады. Жобаның жалпы ұзындығы 9 шақырымнан асады, ал қазіргі таңда 184 үй газ жүйесіне қосылған. Бұл — тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартумен қатар, өңірдің экологиялық ахуалына оң әсерін тигізетін, отын-энергетикалық тиімділікті арттыратын жоба. Салтанатты шараға қатысқан Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен және 25 қазан – Республика күнімен құттықтап, халықтың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. «Бүгінгі күн – Ұшқын ауылы үшін ерекше тарихи сәт. Газ жүйесінің іске қосылуы – елдің тұрмысын жақсартуға, ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады», – деді аудан әкімі. Келес ауданы қайта құрылғаннан бері 23 ауылға табиғи газ жеткізілген. Бұл – өңірдің инженерлік инфрақұрылымын дамытуда айтарлықтай серпін беріп отырған көрсеткіш. Алдағы уақытта Ошақты, Бірлік және Ұшқын ауылдық округтеріндегі 12 елді мекенге де көгілдір отын жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, газ және су жүйесі тартылған ауылдарда жол жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ауылдарды газбен қамту – өңірдің экономикалық өсімінің, халықтың әлеуметтік жағдайының және инфрақұрылымдық даму деңгейінің айқын көрінісі. Бұл бағыттағы жобалар «Халықтың өмір сапасын арттыру – мемлекеттің басты мақсаты» қағидатын нақты іспен дәлелдеуде. Түркістан облысы соңғы жылдары елді мекендерді жарық, су және газ жүйелерімен қамтамасыз ету арқылы ауыл экономикасын жаңғыртуда, ал бұл өз кезегінде өңірлік даму мен тұрғындардың әл-ауқатын көтерудің маңызды факторына айналып отыр.