Түркістан облысының Ордабасы ауданында отандық фармацевтика саласының әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа өндіріс іске қосылды. Бадам ауылдық округіне қарасты Қарабастау елді мекенінде ашылған «Дарын-2030» фармацевтикалық кәсіпорны – еліміздің медициналық reagенттер нарығында шетелдік өнімдерді алмастыратын, жоғары технологиялы өндіріс түріне жатады. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кәсіпорында клиникалық-бактериологиялық зертханаларға арналған «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны, зарарсыздандырылған» және «қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы» өнімдері өндіріледі. Бұл – Қазақстанда сирек шығарылатын, денсаулық сақтау жүйесінің маңызды саласы үшін аса қажетті биотехнологиялық өнімдер. «Дарын-2030» кәсіпорнының ашылуы Ордабасы ауданында экономикалық әртараптандыру мен индустриялық-инновациялық саясатты жүзеге асырудың нақты нәтижесі болып отыр. Жобаның іске асуы – тек фармацевтикалық бағыттағы жаңалық емес, сонымен қатар өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетін арттыратын маңызды экономикалық бастама. Өндіріс толық қуатында жұмыс істеген жағдайда ондаған жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік тумақ. Сонымен бірге, кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, салықтық түсімдердің көбеюіне және жергілікті инфрақұрылымның жандануына жол ашады. Бүгінгі таңда Қазақстан медициналық реагенттер мен зертханалық материалдардың басым бөлігін шетелден импорттап отыр. Ал «Дарын-2030» өндірісінің іске қосылуы бұл тәуелділікті азайтып, елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты қадам болмақ. Бұл бағыттағы жұмыс – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың индустриялық-инновациялық даму саясатының жүзеге асуындағы басты міндеттердің бірі. Облыс әкімі Азат Оралбаев атап өткендей:«Бұл – тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар отандық медицина мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосылған сүбелі үлес. Ендігі жерде шетелден әкелінетін өнімдер өз жерімізде, өз мамандарымыздың күшімен өндіріледі». Фармацевтикалық зауыттың іске қосылуы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірді инновациялық өндірістердің орталығына айналдыруға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар аймақ экономикасының тұрақтылығын күшейтіп, бюджет кірісін арттырумен қатар, тұрғындардың әл-ауқатына да оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, бұл бастама өңірдің өз өндірісін қалыптастыру, яғни импортқа тәуелді болмай, өз сұранысын өз ішінде өтеу мүмкіндігін арттырады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
