Түркістан облысы кәсіпкерлік пен өндірістік дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Биылдың өзінде өңірде «Өрлеу» бағдарламасы аясында жалпы құны 11,7 млрд теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асып, өңір экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін күшейтуге бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бағдарлама шеңберінде іске асқан жобалар жергілікті өндіріс орындарының жұмысын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ аймақтық экспорттық әлеуетті арттыруға зор үлес қосуда. Осы жобалардың тиімділігін БАҚ өкілдері арнайы баспасөз туры барысында көзбен көрді. Алғашқылардың бірі болып журналистер «QazEcoPack» кәсіпорнында болды. Бұл зауыт тұрмыстық және өндірістік мақсатқа арналған жабысқақ лента мен стрейч-плёнка шығарады. Жылына шамамен 1 200 тонна өнім өндіретін кәсіпорын экологиялық таза шикізатты пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сай өнім ұсынып отыр. Мұндай өндіріс тек импортты алмастырып қана қоймай, отандық нарықты сапалы отандық өніммен қамтуға бағытталған. Баспасөз турының келесі нысаны — Түлкібас ауданындағы «Beibars Bottlers» ЖШС. Бұл кәсіпорын газдалған және газдалмаған сусындар, табиғи шырындар мен минералды су өндіреді. Негізгі өнім — әлемге әйгілі «RC Cola» бренді. Жылдық қуаты 120 мың тонна өнім өндіруге жететін зауыт заманауи еуропалық жабдықтармен қамтылған. Кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы арқылы 12,6 пайызбен жеңілдетілген несие алып, өндіріс ауқымын кеңейтіп отыр. Бұл қадам жергілікті экономиканың тұрақтылығын арттырып, өңірдің салық базасын ұлғайтуға ықпал етуде. Сапар соңында БАҚ өкілдері «МК ALTYN NAN» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорын тәулігіне 500 тонна ұн өндіре алады. Құрамында екі диірмен мен 105 мың тонналық элеватор бар кешен жыл бойы астық қабылдап, өңдеп және сақтауға мүмкіндік береді. Зауыттың өнімдері — жоғары, бірінші және екінші сорттағы ұн — бүгінде ішкі нарықта кеңінен сұранысқа ие. Кәсіпорын алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, экспорт бағытын дамытуға басымдық бермек. «Өрлеу» бағдарламасы тек жеке кәсіпорындарға ғана емес, тұтас өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен өзін-өзі қамтамасыз етуіне серпін беріп отыр.
Жергілікті кәсіпорындардың дамуы арқылы жұмыс орындары ашылып, инвестициялық климат жақсарып, өңірлік ішкі өнім көлемі артуда. Түркістан облысы бүгінде өндіріс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі бағыттарын ұштастырып, экономиканың көпбағытты және тұрақты моделін қалыптастыруда.
