ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында халықтың өмір сапасын арттыру және өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы аймақ көлемінде 220 инфрақұрылымдық нысанның құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 121 нысан биылғы жылы толық аяқталып, пайдалануға берілмек.Жобалардың басты мақсаты – тұрғындарды сапалы ауыз сумен, табиғи газбен, электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңарту арқылы облыс экономикасын жаңа деңгейге көтеру.Биыл облыста 66 ауыз су нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 38-і жыл соңына дейін пайдалануға берілсе, 28 нысан келесі жылға өтпелі. Бұл жобалардың нәтижесінде 30,8 мың халқы бар 30 елді мекен таза ауыз сумен қамтылады, ал 8 елді мекенде кешенді-блок модульдері орнатылады. Бүгінде 15 елді мекенде құрылыс аяқталып, қалған 15-інде жұмыстар жалғасуда. Өңірді кәріз жүйесімен қамту мақсатында 16 нысанның құрылысы қолға алынған. Жыл соңына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі. Оның ішінде Түркістан қаласында – 7, Арыс қаласында – 1, Ленгірде – 1, Ордабасы ауданында – 1 жоба аяқталады. Бұл жұмыстар экологиялық жағдайды жақсартып, тұрмыстық қалдық суларды тиімді тазартуға мүмкіндік береді.Түркістан облысы халқын «көгілдір отынмен» қамту мақсатында 80 газ нысанының құрылысы жоспарланған. Биыл 46 нысанның құрылысы аяқталып, 73 мың тұрғыны бар 43 елді мекен табиғи газға қосылады. Қазірдің өзінде 32 нысан пайдалануға беріліп, облыстың газдандыру деңгейі 75,1%-ға жетті. Нәтижесінде 1,9 миллион тұрғын тұратын 606 елді мекен толық газбен қамтылатын болады. Облыста 110,4 мың халқы бар 53 елді мекенді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 47 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Биыл 25 нысанның жұмысы толық аяқталмақ. Қазірдің өзінде 17 нысан пайдалануға беріліп, 32,5 мың адам тұрақты электр қуатына қосылды. Сонымен бірге, Төлеби ауданында 110 кВ «Алатау» қосалқы станциясы, Жетісай ауданында 110 кВ «Жетісай» станциясы іске қосылды. Жылу энергиясы саласында да жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстық бюджет есебінен 3 нысанның құрылысы және 40,2 шақырым жылу желісін қайта құру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде Кентаудағы жылу энерго орталығында 6 қазандық жаңартылып, 8 қазандыққа автоматтандырылған басқару жүйесі орнатылды. Бұл электр қуатының өндірісін 5 МВт-тан 10 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Биыл өңірде 1241 шақырымнан астам жол мен көшелерге құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 951 шақырымы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Нәтижесінде облыстағы жергілікті маңызы бар жолдардың 94,7%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болады деп күтілуде. Бұл ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар Түркістан облысының әлеуметтік және экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Инженерлік-коммуналдық желілердің кеңеюі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ауылдар мен қалалардың инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтады. Осылайша, Түркістан облысы заманауи инфрақұрылым мен тұрақты даму жолындағы аймақтардың көшбасшысына айналып келеді.