Бүгінгі таңда Түркістан облысында өндіріс саласын дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес өңірдегі барлық аудан мен қалаларда өндірістік аймақтар құру ісі қарқын алып келеді.
Осы бағытта Келес ауданында да жаңа өндірістік парк салу жұмыстары басталды. Жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, аудан экономикасына серпін беруді көздейді. Абай ауылынан 10 гектар жер учаскесі өндірістік аймақ салуға бөлінген. Қазір бұл аумақта инженерлік дайындық және инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Алғашқылардың бірі болып «Керуен» жеке кәсіпкерлігі аукцион арқылы 2 гектар жерді сатып алып, жер бедерін тегістеу жұмыстарын толық аяқтады.
Аудан әкімдігі жалпы көлемі 20 гектар жер учаскесін кезең-кезеңімен аукцион арқылы кәсіпкерлерге ұсынуды жоспарлап отыр. Оның ішінде, атап айтқанда 9 гектар жер 1 гектардан бөлініп, өндірістік ғимараттар тұрғызуға ниетті инвесторларға беріледі. Бүгінде бірнеше кәсіпкер өз өндіріс нысандарын салуға қызығушылық білдіріп отыр. Соның ішінде бір кәсіпкер үш ғимарат, ал тағы екі кәсіпкер екі ғимараттан салуды жоспарлаған. Бұл бастама нәтижесінде Абай ауылы жаңа индустриялық аймаққа айналып, аудан экономикасына жаңа серпін береді деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар, өндірістік аймақ құрудағы басты мақсат – инвестиция тарту, жергілікті жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау. Сонымен қатар, инвесторларға инфрақұрылымы дайын алаң ұсыну арқылы қолайлы жағдай жасау көзделген. Келес ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жоба уақтылы жүзеге асырылып, инфрақұрылымдық жұмыстар толық бақылауда болады. Өндірістік аймақ іске қосылған соң, мұнда жергілікті халық тұрақты жұмысқа орналасып, ауданның салықтық және экономикалық базасы кеңейеді. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және Келестің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді деп күтіліп отыр.
