Түркістан облысы – тек тарихи және рухани мұраларымен ғана емес, сонымен қатар инновация мен инвестицияның жаңа орталығына айналып келе жатқан аймақ. Соңғы жылдары өңір экономикасы өндіріс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағыттарында айқын серпінмен дамуда. Бұл Түркістанның индустриялық аймақ ретіндегі әлеуетін арттырып, ел экономикасының стратегиялық тірегіне айналуының айғағы.
Сол маңызды жобалардың бірі – Түркістан қаласындағы Өндірістік парк аумағында салынып жатқан ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты. Бұл зауытта болашақта мақта, күріш және өзге де дақылдарды жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылмақ. Аталған өндіріс іске қосылған соң, Түркістан облысы тек өнім өндіруші ғана емес, ауыл шаруашылығы техникасын өз аймағында жасап шығаратын ірі орталыққа айналады. Бұл бастама – импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірісті күшейтетін маңызды қадам.
Аталған жоба «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамы мен облыс әкімдігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асырылуда. Облыс басшылығы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды басты назарда ұстап отыр.
Жоба аясында құрылатын зауыт ауыл шаруашылығын механикаландыру бағытында инновациялық серпіліс жасап, еліміздің оңтүстік өңірлерін заманауи техникамен қамтамасыз етуге жол ашады. Индустриялық парк аумағындағы бұл өндіріс орнын іске асыруға «Jer Arys Group» ЖШС жауапты. Ал «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан толық сүйемелдеу және қолдау шаралары жүргізілуде.
Зауыттың іске қосылуы – аймақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіби кадрлардың даярлануына және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына зор әсер етеді. Сонымен қатар, бұл жобаның нәтижесінде жергілікті тұрғындардың табыс деңгейі артып, салық түсімдері көбейеді. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында еліміз бойынша көшбасшы өңір саналады. Мемлекеттік қолдау мен инвесторлардың қызығушылығының арқасында салаға тартылған инвестиция көлемі 2025 жылдың өзінде 125 млрд теңгеден асты.Соңғы жылдары шаруа қожалықтары заманауи техникамен жабдықталып, тек биылдың өзінде 600-ден астам жаңа техника алынған. Мұның бәрі аймақтың агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытта дамытуға негіз болуда.
Жаңа зауыт іске қосылған соң Түркістанда құрастырылған ауыл шаруашылығы техникалары тек ішкі нарықта ғана емес, көршілес аймақтар мен шетел нарығына да экспортталуы жоспарланып отыр. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, Түркістанды еліміздің өндірістік картасында ерекше орынға шығарады. Қазіргі таңда Түркістан облысы – инвестицияға тартымды, экономикалық тұрғыда белсенді және болашағы зор өңір. Өңірде қолға алынған бұл жоба – ауыл шаруашылығын индустрияландыру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты қадамы.
