Түркістан облысы – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Соңғы жылдары мұнда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында бірқатар ауқымды жобалар іске асуда. Солардың бірі – Сарыағаш ауданында қуаттылығы 5 МВт болатын шағын электр станциясының құрылысы.
Жаңа нысан Қабланбек ауылдық округінің аумағында бой көтеруде. Жобаны «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алған. Бұл бастама – өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, электр қуатына деген ішкі сұранысты азайтуға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі таңда электр станциясының құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі басталып кетті. Нысанға апаратын жол мен көпір салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жобаны іске асыруға қажетті инженерлік инфрақұрылым тарту және құжаттық рәсімдеу процестері қатар жүруде.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев нысанның құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Әкім жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуының маңыздылығын атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ ол «Ынтымақ» кооперативінің өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспар мен жобаның іске асу кезеңдерін талқылады. Аймақ басшылығының айтуынша, бұл жоба іске қосылған соң ауданның электр қуатына деген қажеттілігін айтарлықтай азайтады. Әсіресе ауылдық округтер мен өндіріс орындары тұрақты энергиямен қамтамасыз етілетін болады. Мұндай жобалар тек энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына да оң әсерін тигізбек.
Қуаттылығы 5 МВт станция – өңір үшін үлкен жетістік. Себебі ол табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, экологиялық тұрғыда таза энергия өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Айта кетейік, Түркістан облысында баламалы және шағын қуатты энергия көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу стратегиясына толық сай келеді. Сарыағаштағы жаңа электр станциясы да – өңірдің тұрақты энергетикалық болашағына үлес қосатын маңызды жоба болмақ.
