Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірдің барлық ауданында шағын және орта бизнесті қолдауға арналған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Соның бір мысалы – Түлкібас ауданында басталған шағын өнеркәсіптік аймақтардың құрылысы. Бүгінде ауданға қарасты Майлыкент, Тастұмсық, Балықты және Машат ауылдық округтерінде жаңа өндірістік аймақтардың іргетасы қалануда. Бұл жерлерде шағын кәсіпорындарға арналған ғимараттар бой көтеріп, инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, нысандарға су мен электр энергиясын жеткізу, сондай-ақ жолдарға тас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мұндай аймақтардың басты мақсаты – аудан кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасап, жаңа бизнес бастамаларды іске асыруға мүмкіндік беру. Кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан жер телімдері бөлініп, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Түлкібас ауданы – табиғи ресурстарға бай, ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласын қатар дамытуға әлеуеті мол өңір. Сондықтан шағын өнеркәсіптік аймақтардың салынуы – аудан экономикасына тың серпін беріп, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай жобалар арқылы аудан кәсіпкерлері өз өнімдерін жергілікті және облыстық нарыққа ғана емес, болашақта экспорттық деңгейге де шығаруға мүмкіндік алады.
Жаңа өндірістік аймақтар іске қосылған соң, онда азық-түлік өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын шығару және тұрмыстық қызмет көрсету бағытындағы кәсіпорындар ашылады деп күтілуде. Бұл аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға септігін тигізеді. Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Арнайы индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік орталықтар салу – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға арналған тиімді құралдардың бірі. Ал Түлкібаста басталған бұл жоба – сол бағыттағы нақты нәтижелі қадамдардың бірі болмақ.
