ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЭКОНОМИКАНЫҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ

Түркістан облысы аграрлық әлеуеті мен еңбекқор халқының арқасында еліміздің ауыл шаруашылығы саласында көш бастап келеді. Соңғы жылдары өңірдің агросаласы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып, жаңа жобалар мен инновациялық технологиялар енгізілуде.

Биыл өңірдегі шаруаларды қолдауға 48,5 млрд теңге бөлінді. Оның 43,3 млрд теңгесі облыстық бюджеттен, ал 5,2 млрд теңгесі үкіметтік резервтен қарастырылған. 9 айдың қорытындысы бойынша 42 млрд теңге нақты шаруаларға бағытталып, бұл қаражат ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына айтарлықтай серпін берді.

Аппараттық мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығына бөлінген әрбір теңгенің тиімді жұмсалуына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, субсидиялар мен қолдау құралдары тек өнім көлемін арттыруға ғана емес, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өңірдің табыс көзін кеңейтуге бағытталуы тиіс. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп, ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашуда. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде Түркістанда жылыжай шаруашылықтары қарқынды дамып, егіс алқаптарының көлемі ұлғайды, өнім сапасы жақсарды. 2023 жылмен салыстырғанда жылыжай өнімінің көлемі 1,3 есеге артқан. Мұндай көрсеткіш – заманауи технологиялар мен фермерлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Сонымен қатар, аграрлық бағыттағы инвестициялар мен жаңа жобалардың саны көбейіп келеді. Қазірдің өзінде өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылып, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар экспорттық бағытқа да шығуда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының табысын арттыруға мүмкіндік беруде. Бүгінгі таңда Түркістан облысы ауыл шаруашылығын әртараптандыру, экологиялық таза өнім өндіру және экспорттық әлеуетті күшейту бағытында тұрақты дамып келеді. Мұндағы әрбір шаруа өз еңбегімен өңірдің экономикалық өсіміне үлес қосуда. Түркістанның топырағы құнарлы, халқы еңбекқор. Егіс даласында маңдай терімен жұмыс істеп жүрген шаруалардың еңбегі – облыстың тұрақты дамуының кепілі. Мемлекет пен шаруалардың бірлескен еңбегі нәтижесінде Түркістан бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы сенімді тірегіне айналып отыр.