Түркістан облысында спорт саласын дамыту және халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде аймақтың спорттық және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған атшабар мен ескек есу каналының құрылысы ерекше маңызға ие.
Қазіргі таңда көпфункционалды атшабар кешені Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) талаптарына толық сәйкес салынып жатыр. Заманауи нысан болашақта халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды, соның ішінде Олимпиада бағдарламасына енген конкур мен үшсайыс, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін өткізуге мүмкіндік бермек. Атшабар құрылысына бүгінде 30-дан астам техника мен 70-тен аса жұмысшы тартылған. Құрылыс барысы белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Мамандар сапалы материалдарды пайдалану мен қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтауда. Бұл кешен іске қосылған соң, Түркістан өңірінде ат спортының кәсіби деңгейде дамуына, жастардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттыруға жаңа серпін бермек.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылысы да қарқын алған. Үш кезеңнен тұратын бұл ірі жобаның жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Қазіргі уақытта үшінші кезеңнің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс алаңында 165 маман мен 24 арнайы техника жұмылдырылған. Жобаның басты ерекшелігі – спорттық инфрақұрылымды табиғи ландшафтпен үйлестіру. Кешен аумағында 1000 орындық көрермен трибунасы, қайықтар мен жабдықтарға арналған эллинг ғимараты, төрешілер мұнаралары, аэрация және сүзу жүйелері, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ электронды табло, көгалдандыру және абаттандыру элементтері қарастырылған.
Бұл кешен іске қосылған соң, елімізде ескек есу және академиялық есу спорт түрлерін дамытуға, сонымен бірге су туризмін өркендетуге зор мүмкіндік туады. Жоба Түркістан қаласының суару жүйесіне де оң әсерін тигізіп, экологиялық тұрғыдан тиімді шешім болмақ. Жалпы алғанда, Түркістанда бой көтеріп жатқан бұл спорттық нысандар – өңірдің халықаралық имиджін арттырып, спорт индустриясын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық жобалардың бірі. Заманауи инфрақұрылым мен халықаралық стандарттарға сай келетін спорт кешендері түркістандықтардың мақтанышына айналып, ел спортының дамуына серпін бермек.
