Түркістан қаласында халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және мұқтаж азаматтарды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамның ең маңызды салаларының бірі – әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамтуды қамтиды.
Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 2025 жылдың алғашқы бес айында төрт негізгі бағыт бойынша кешенді шаралар атқарды. Олардың қатарында – еңбек қатынастарын реттеу, аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну бар. Биылғы жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Түркістан қаласында 1149 отбасы немесе 7086 адам атаулы әлеуметтік көмекке ие болды. Оның ішінде 778 отбасына шартты, ал 399 отбасына шартсыз көмек тағайындалған. Сонымен бірге, 2165 балаға қосымша жәрдемақы төленді. Бұл — аз қамтылған отбасылардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған нақты әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесі.
Қалада 15 743 көпбалалы ана тіркелген. Олардың барлығына әлеуметтік мәртебесіне сәйкес мемлекеттік жәрдемақы мен тиісті көмек көрсетіліп отыр. Бұл мемлекет тарапынан аналардың еңбегін мойындау мен көпбалалы отбасыларды қамқорлыққа алу саясатының айқын көрінісі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Қала бойынша 12 031 ерекше қажеттілігі бар тұрғын оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Биыл 6325 өтінімнің 4033-і орындалып, қалғандары қаралу үстінде. Ал жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметін пайдалану көрсеткіші 99–100 пайызды құрап отыр. Бұл – инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды жетістік. Сонымен қатар, еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру және оны ұзарту бойынша биыл 6012 өтінім қабылданып, заңнама талаптарына сай рәсімделді. Бұл шара еңбек нарығында заңсыз көші-қонды болдырмауға және жұмыс күшінің тиімді пайдаланылуына ықпал етуде.
Қалада 17 628 зейнеткер тұрады. Олардың арасында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, жалғызбасты зейнеткерлер бар. Әлеуметтік әділеттілік қағидатын ұстана отырып, оларға мерекелік және атаулы күндерде қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл мемлекет тарапынан аға буын еңбегіне деген құрмет пен қамқорлықтың нақты дәлелі.
