Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соңғы жылдары қала аумағында көлік қозғалысын жеңілдету, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар Түркістанның аймақтық даму орталығы ретіндегі рөлін күшейтіп, жаңа экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Қазіргі таңда қала аумағында 845 шақырым жол мен 875 көше бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланған. Биылғы жылы қосымша 138,5 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар толық орындалған жағдайда, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін артады деп күтілуде. Мұндай көрсеткіш – қала инфрақұрылымының сапалық серпілісін айғақтайтын маңызды нәтиже.
Жөндеу жұмыстарының ауқымы кең. Әсіресе, тұрғындар мен көлік қозғалысы ең көп жүретін бағыттар ерекше назарда. Соның бірі – Түркістанның негізгі көше желісіне айналған Тәуке хан даңғылы. Оның жалпы ұзындығы 5,16 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда бұл даңғылда құрылыс және жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2,3 шақырым бөлігіне жаңа асфальт жабындысы төселіп, жолдың беті толық жаңартылды. Арнайы техника көмегімен ескі қабат қырылып, орнына ірі және ұсақ түйіршікті жаңа сапалы асфальт салынуда.
Сонымен қатар, жол бойындағы жаяу жүргіншілер жолдары, жиектастар мен жарық шамдары да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Бұл – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырумен қатар, қала көркін жақсартуға да ықпал етеді. Жол белгілері жаңартылып, қиылыстар мен кірме жолдарда қосымша реттеу элементтері орнатылуда. Мұндай шаралар көлік қозғалысын реттеуге, апаттық жағдайлардың алдын алуға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары 45 күн ішінде толық аяқталады деп жоспарланған. Бұл мерзімде мердігер мекемелер заманауи құрылыс материалдары мен жаңа технологияларды пайдалана отырып, сапа стандарттарына сай жол төсемін қалыптастырады.
Жол сапасын арттыру – тек көлік қатынасын жеңілдету емес, сонымен қатар экономиканың дамуына да тікелей әсер ететін фактор. Жаңартылған жолдар арқылы жүк тасымалы мен логистикалық бағыттар жақсарып, кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Сонымен бірге, қалаішілік көлік қатынасының жақсаруы тұрғындардың уақытын үнемдеп, тұрмыс сапасын арттырады. Инфрақұрылымдық жаңғыру – Түркістанды заманауи, туристер мен инвесторлар үшін тартымды қалаға айналдырудың негізгі тетігі. Сондықтан жолдарды жаңарту мен кеңейту ісі алдағы уақытта да тұрақты жалғасын табады.
