Түркістан қаласы бүгінде аймақтық экономиканың жаңа орталығына айналып келеді. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар, сондай-ақ шағын және орта бизнестің белсенді дамуы — қаланың экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік өсімінің нақты көрсеткіші.
Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар толығымен іске асқанда 2 956 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Аталған аймақтың басты мақсаты – өндірістік инфрақұрылымды дамыту, инвесторларға қолайлы жағдай жасап, отандық және шетелдік капиталды тарту.
Мұнда салынатын кәсіпорындар заманауи технологиялар мен жаңа өндіріс желілерін енгізуді көздейді. Бұл тек өндіріс көлемін арттыру ғана емес, сонымен қатар Түркістанның экспорттық әлеуетін көтеріп, импортты алмастыруға жол ашады.
Түркістанның индустриалды аймағында бүгінде 23 жоба іске қосылып, 961 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Бұл өндіріс орындары – құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және тағам өнімдері сынды бағыттарды қамтиды.
Индустриалды аймақтың табысты дамуы жергілікті бюджет кірісін арттырумен қатар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да оң әсер етуде. Әрбір ашылған өндіріс орны жаңа жұмыс орындарын ұсынып, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Биылғы жылдың қаңтар–тамыз айларында Түркістанда белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 22 010-ға жетті. Бұл секторда 34 500 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда Түркістан экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 65–68 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш қаланың кәсіпкерлік әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.Шағын және орта бизнес — жергілікті экономиканың негізгі қозғаушы күші. Олар жаңа нарықтарды қалыптастырып, бәсекелестік ортаны дамытады, салықтық түсімдерді көбейтеді және халықтың өмір сапасын жақсартады.
Бизнесті қолдау шеңберінде 30 жобаға 4,2 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.Бұл қаржы өндіріс ашуға, жаңа жабдықтар сатып алуға және жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған. Сонымен қатар, Түркістан әкімдігі тарапынан инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, коммуникация тарту және кәсіпкерлерге жер телімдерін рәсімдеуде жан-жақты көмек көрсетілуде.
Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан экономикалық жобалар — аймақтың болашағына жасалған инвестиция. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақ – өндіріс пен инновацияның орталығына айналып, ал шағын және орта бизнес – экономикалық белсенділіктің тірегіне айналды.
