Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу жұмыстары қарқын ала түсуде. Шаһар әкімі Әзімбек Пазылбекұлы нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, сапасына ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы – тек көркейту емес, қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін маңызды инвестициялық жоба ретінде қарастырылуда.
Алдымен қала басшысы Отырар тұрғын алабындағы жол инфрақұрылымының жағдайымен танысты. Мұнда Шаян, Ойсыл Қара, Келес және оған іргелес жатқан жалпы ұзындығы 24,6 шақырымды құрайтын 28 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысында жолдың негізі әзірленіп, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт қабаты төселуде. Сонымен қатар жол жиектері мен біржақты аяқжол салу жұмыстары қатар жүріп жатыр.
Бұл жобалар – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық белсенділігін арттырады. Себебі сапалы жол – бизнестің, қызмет көрсету мен сауданың, сондай-ақ туристік қозғалыстың негізгі факторы.
Әзімбек Пазылбекұлы мердігер ұйымдарға құрылыс сапасын қатаң бақылауға алып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету міндетін қойды.
Әкімнің жұмыс сапары барысында жаңадан салынып жатқан ипподромға апаратын жолдың құрылысы да тексерілді. Ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын бұл жолда екі қабатты асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылған. Қазіргі таңда аяқжол төсеу жұмыстары жалғасуда.
Бұл жоба қаланың спорттық және мәдени туризм әлеуетін арттырады. Ипподром тек спорт нысаны ғана емес, келешекте өңірлік және республикалық деңгейдегі ірі шараларды қабылдайтын орталық болмақ. Демек, жол инфрақұрылымын дамыту – қаланың туристік және экономикалық тартымдылығын арттырудың алғышарты.
Қала әкімінің бақылау сапары Б.Саттарханов даңғылы мен Әуежай тас жолы бойындағы көгалдандыру және гүл егу жұмыстарының барысын қараумен жалғасты. Қазіргі таңда Түркістанның негізгі магистральды көшелерінің бойында түрлі ағаштар отырғызылып, жасыл аймақтардың көлемі артып келеді.
Жасыл инфрақұрылымның дамуы – қала экологиясын жақсартумен қатар, тұрғындардың денсаулығына және өмір сапасына оң әсер етеді. Бұл – ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін фактор. Экологиялық тұрғыдан таза, тартымды қала – инвесторлар үшін де, туристер үшін де қызықты нысанға айналады.
Қала әкімдігі қазіргі таңда барлық нысандардың уақтылы әрі сапалы аяқталуына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. Жол, жарық, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту – қала экономикасының мультипликативті әсерін күшейтеді: құрылыс компаниялары мен жергілікті кәсіпорындардың жұмысы жанданып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
