ҚАЗЫҒҰРТ: ӨНІМ САПАСЫН АРТТЫРУ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

Қазығұрт ауданы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында сапалы әрі экологиялық таза өнім өндіруді басты мақсат етіп отыр. Өңірдегі шаруашылықтар заманауи технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырып, жердің құнарын тиімді пайдалануға ерекше мән беруде.

Соның айқын мысалы – Қызылқия ауылдық округінде орналасқан “Юг Агро-777” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл шаруашылық бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру мен су ресурстарын үнемді пайдалану бағытында жаңашыл тәсілдерді сәтті қолданып келеді.

Серіктестік иелігіндегі 40 гектар суармалы жер мен 15 гектар жайылым алқабында агротехникалық талаптарға сай жұмыстар жүйелі жүргізіледі. Оның ішінде 18 гектарға қырыққабат, 3,5 гектарға қызылша, 3,5 гектарға болгар бұрышы егілген. Барлық дақылдарға тамшылатып суару және минералды тыңайтқыштарды дәл мөлшерде беру технологиялары қолданылуда. Бұл тәсіл өнім сапасын едәуір жақсартып, жердің тозуын болдырмайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл өнім көлемін 25–30 пайызға арттырып, көкөніс сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Ал алынған өнімдер Қазығұрт ауданы мен облыс аумағындағы нарыққа жеткізіліп, өңір халқын маусымдық көкөніспен қамтамасыз етуде.

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов серіктестік жұмысымен танысу барысында жаңа технологияларды енгізудің ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі тетігі екенін атап өтті.

– Бүгінде өнім көлемінен бұрын, оның сапасына басымдық беру маңызды. Заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдер ауыл шаруашылығының болашағын айқындайды. Сондықтан мұндай жобаларды кеңейтіп, тәжірибесін өзге шаруашылықтарға да енгізу қажет, – деді аудан әкімі.

“Юг Агро-777” серіктестігінің тәжірибесі – Қазығұрт ауданының ауыл шаруашылығы саласында жаңа сапалы кезеңге қадам басқанын көрсетеді. Жергілікті өнімнің сапасын арттыру арқылы өңір өз-өзін азық-түлікпен қамту әлеуетін күшейтіп, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыруда.