БАДАМДА ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Бадам ауданында өнеркәсіп саласында маңызды инвестициялық жоба іске асырылмақ. Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік инвесторлармен кездесіп, ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Кездесу нәтижесінде Бадам индустриалды аймағына іргелес орналасқан «КазМедПрибор» ЖШС-нің жеке меншік жер телімінде шетелдік «ALEM EURO PIR» компаниясының жаңа зауыт салу жобасы мақұлданды.

Жобаның жалпы құны 4,5 миллиард теңге болып, өндіріс толық іске қосылғанда 100 жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар тұрақты еңбекпен қамтылмақ. Бұл – аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосатын ауқымды бастама.

Зауыттың негізгі бағыты – құрылыс саласында сұранысқа ие сэндвич панельдерге арналған PIR (полиизоцианурат көбік) материалын өндіру. Алғашқы кезеңде өндірістік қуаттылығы жылына 1 миллион шаршы метр дайын өнім шығуға жетеді. Бұл өнім өңірлік құрылыс нарығын отандық өндірістік тауармен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Азат Оралбаев жобаның маңыздылығына тоқтала отырып, оның инвестициялық тартымдылықты арттыру, жаңа технологияларды енгізу және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында нақты серпін беретінін атап өтті. «Бұл жоба жергілікті бюджетке қосымша түсімдер әкеліп қана қоймай, кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Инвесторларды тарту арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу – біздің басты мақсатымыз», – деді ол.

Соңғы жылдары Бадам ауданында инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Индустриалды аймақ инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіліп, жаңа жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Осы жүйелі саясаттың нәтижесінде өнеркәсіптік салаларға шетелдік және отандық инвестициялар тартылып, жұмыс орындары көбейіп, ауданның экономикалық әлеуеті артып келеді.

Жалпы, «ALEM EURO PIR» зауыты тек өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, өңірдің инновациялық дамуына және бәсекеге қабілеттілігін көтеруге зор үлес қосады деп күтілуде. Бұл бастама Бадам ауданын инвестициялық тұрғыдан тартымды аймаққа айналдырып, өңдеу өнеркәсібінде жаңа кезеңнің басталуына жол ашып отыр.