АРЫС: 2025 ЖЫЛЫ 26 АУҚЫМДЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Арыс қаласында инвесторларды тарту арқылы ауқымды жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүруде. Биылғы жылы жалпы құны 29,5 млрд теңге болатын 26 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Өткен жылы да қалада өнеркәсіп өнімдерін арттыру мақсатында 15 млрд теңгеге 22 жоба жүзеге асырылып, 593 жаңа жұмыс орны құрылған еді. Бұл туралы қала әкімі Қайсар Маңқараев БАҚ өкілдеріне брифинг барысында мәлімдеді.

«Биыл шаһардың экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға серпін беретін бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында «Түркістан Агро KZ» ЖШС-і 50 мың бас ірі қара малын бордақылау алаңында өсіру мен 3 мың гектар жерде жаңбырлатып суғару арқылы мал азығын дайындау жобасын жүзеге асыруда. Сондай-ақ, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-і 13 млрд теңгеге тамшылатып суғару жүйесін орнатып, 9 мың гектар жерге мақта егістігін қолға алды. Бұдан бөлек, «ALASH LOGISTIC» ЖШС-і жаңбырлатып суғару әдісімен 900 гектар жерге мал азығын өсіру жобасын іске асыруда», – деді қала әкімі.

Қаладағы жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың алғашқы 4 айында 13,9 млрд теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 10,3 млрд теңге болса, биыл 4 айда 4,4 млрд теңгені құрап отыр.

Инфрақұрылым саласында да бірқатар маңызды өзгерістер орын алған. Өткен жылы қаладағы екі жылу қазандығының ескіруіне байланысты көмірден газ жүйесіне көшіру мақсатында модульдік қазандық салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда қаладағы барлық жылу қазандықтары табиғи газбен жұмыс істейді.

Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Шағыр, Бақырша және Ақтас елді мекендерінде жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын ескірген электр желілері толық жаңартылды.

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары да абаттандыру жұмыстарына кірісті. Ағымдағы жөндеу мен көркейту жұмыстарымен қатар, қала ішінде 10 жаңа қоқыс алаңы орнатылатын болады.

Қала әкімдігі атап өткендей, биылғы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жылдамдатуға, тұрғындарды жұмыспен қамтып, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді. Бұл – шаһардың болашағын айқындайтын маңызды қадам.