Арыс қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда Почтовый шағын ауданындағы Асылбеков көшесінде орналасқан бес тұрғын үйдің ауласында кешенді жаңғырту жүргізіліп жатыр. Бұл шара тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, қаланың көркі мен инфрақұрылымын дамыту мақсатында қолға алынған.
Жаңғырту жұмыстары биылғы жылдың басында қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде көтерілген болатын. Сол жиында тұрғындар ұзақ жылдар бойы лайлы жолдың азабын тартып, көлік тұрағының жоқтығын айтып, бұл мәселеге назар аударуды сұраған еді. Әкім Қайсар Маңқараев тапсырмасына сәйкес, аталған аумақта асфальт жол төселіп, төрт жерге автотұрақ салынады. Сонымен қатар, әрбір үйдің кіреберісіне демалыс орындықтары мен қоқыс жәшіктері орнатылып, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдету көзделген. Нақтырақ айтқанда, 12 кіреберіске 24 орындық және 24 қоқыс жәшігі қойылады.
Қала басшысы құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысын қадағалап, тиісті сала басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Мұндай тікелей бақылау жұмыстардың сапасы мен уақытылы орындалуына кепілдік береді.
Айта кетейік, өткен жылы Ақымбеков көшесіндегі №127, 128, 129 үйлердің аулалары абаттандырылып, спорт және ойын алаңшалары, автотұрақтар мен суағарлар орнатылған, кірме жолдары жаңартылған болатын. Ал биыл тұрғындар сұранысына сәйкес, Көктем тұрғын ауданында орналасқан «Ардагер» №103, 104, 105 үйлеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қасбеттері жаңартылмақ.
Абаттандыру жұмыстары тек көркейту мақсатында ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа автотұрақтар мен асфальт жолдар тұрғындардың көлік қатынасын жеңілдетсе, демалыс орындықтары мен қоқыс жәшіктері ауладағы тазалық пен жайлылықты қамтамасыз етеді.
Қала әкімдігі алдағы уақытта барлық көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл – Арыс қаласының инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың өмір сапасын көтеру және шаһардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудағы нақты қадам.
