ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМ САПАСЫН АРТТЫРУ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы өңір экономикасының басты тірегіне айналды. Биылғы жылы ауыл еңбеккерлері жыл басынан бері 487,7 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім деңгейі 100,1 пайызды құрады. Бұл – агросектордағы тұрақтылық пен өнім сапасына бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалық тұрғыда жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Себебі нарықтағы сұраныс қазір тек көлемге емес, экологиялық тазалық пен өнімнің стандартқа сай болуына бағытталып отыр. Осы мақсатта шаруаларға жаңа технологиялар мен заманауи агроәдістер енгізіліп, тыңайтқыш қолдану, су үнемдеу және өнімділікті арттыру тетіктері жаңартылуда.

2025-2027 жылдары өңірде жалпы құны 270,1 млрд теңге болатын 67 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл тек өндіріс көлемін ғана емес, жергілікті өнімнің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Әсіресе, өңдеу саласын дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделіп отыр.

Мақсат – сыртқы нарыққа тек шикізат емес, дайын, жоғары сапалы өнім шығару. Бұл тұрғыда Түркістан облысының шаруалары көкөніс, бақша, картоп және мал азығы өндірісінде отандық бренд қалыптастыруға қадам басуда. Мысалы, жыл басынан бері 791 мың тонна көкөніс, 1,1 млн тонна бақша өнімі, 234 мың тонна картоп жиналып, сапа көрсеткіштері жоғары деңгейде болды.

Ауыл шаруашылығының тұрақтылығын сақтау үшін облыста 4,5 млн тонна мал азығы дайындалған. Бұл көрсеткіш 86 пайыздық межеге жетіп, мал шаруашылығын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Қазақстандық өнімнің сапасын арттыру тек шаруалардың еңбегіне ғана емес, сонымен бірге ауылдық инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдауға да тікелей байланысты. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан субсидия мен жеңілдетілген несие бағдарламалары ауыл кәсіпкерлеріне өнім сапасын көтеруге нақты мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысы осы бағытта республика бойынша көш бастап келеді. Өңірдің ауыл шаруашылығындағы сапа мен тұрақтылық – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі.