Түркістан облысында өндіріс пен инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Сол бастамалардың бірі — Жетісай ауданында жалпы құны 15 миллион АҚШ долларын (7,5 млрд теңге) құрайтын заманауи зауыттың құрылысы басталды. Бұл нысан ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суару жүйесіне арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды өндіретін алғашқы өндіріс ошағы болмақ.
Айта кетерлігі, мұндай көлемдегі жоба ауданда соңғы 30 жылда алғаш рет іске асырылуда. Сарапшылардың пікірінше, жаңа зауыттың іске қосылуы жергілікті экономиканың дамуына тың серпін беріп, ондаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жалпы аумағы 59 гектарды құрайтын “Жетісай” өңірлік индустриялық аймағының инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудан әкімдігі мен инвесторлар арасындағы келіссөздердің нәтижесінде индустриялық аймақ аумағында жалпы құны 31,2 млрд теңге болатын 9 жоба жоспарланған. Оның ішінде 29,9 млрд теңгенің 6 жобасы нақты іске қосылмақ. Атап айтқанда, сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты және полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорындары 2026 жылға қарай пайдалануға берілмек. Бұл өндірістер іске қосылған соң 1083 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Соңғы жылдары Жетісай ауданына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, 2022 жылы – 14,9 млрд теңге, 2023 жылы – 25,4 млрд теңге, 2024 жылы – 43,7 млрд теңге, ал биылғы жылдың алғашқы 8 айында – 22,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Осылайша, соңғы бес жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 млрд теңгеге жеткен.
2024–2030 жылдарға арналған жоспар бойынша бұл көрсеткішті 419,6 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштер – Түркістан облысының индустриялық-инновациялық дамуы өңір экономикасының жаңа белесіне көтеріліп келе жатқанын айқын дәлелдейді.
Жетісайдағы өндіріс орындары іске қосылған жағдайда аудан өзін-өзі экономикалық тұрғыдан қамтамасыз ететін деңгейге жетіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы арқылы әлеуметтік тұрақтылық күшеймек.
