ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНТЕГРАЦИЯЛАНҒАН ЭКОЖҮЙЕЛІК ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРУ КӨЗДЕЛУДЕ

Түркістан облысы бүгінде еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан аймақтарының бірі саналады. Географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы өңірдің экономикалық және стратегиялық маңызын еселей түсуде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы Түркістан облысы әлемдік нарықтарға тікелей шығу мүмкіндігіне ие. Ал Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі аймақ кәсіпкерлеріне 185 миллионнан астам тұтынушысы бар ауқымды нарыққа жол ашады.

Өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен инвесторларға жасалып отырған қолайлы жағдайлар шетелдік серіктестердің қызығушылығын арттыруда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың шетелдік инвесторлармен кездесуі барысында жаңа өндірістік жобаларды іске асыру, соның ішінде интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру мәселесі кеңінен талқыланды.

Кездесуде өңір басшысы облыстың экономикалық әлеуеті мен жеңіл өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктерге тоқталды.

– Қазақстан мақта талшығының ірі экспорттаушысы болғанымен, дайын өнім – жіп, мата және киім-кешек өндірісінде импортқа тәуелді. Ал бізде шикізат жеткілікті. Демек, осы бағытта өндіріс ашып, өзіміздің дайын өнімімізді нарыққа шығару – стратегиялық тұрғыдан өте тиімді шешім. Түркістан облысы – мақта өсіруде көшбасшы аймақ. Биылғы жылы мақта алқабы 38 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 144,5 мың гектарға жетті. 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жинау жоспарлануда. Озық технологиялар 50 мың гектар алқапта қолданылып келеді. Бүгінде өңірде 25 мақта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Біз инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға мүдделіміз. Сол үшін “Turan” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген индустриялық аймақтар жұмыс істейді, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Инвесторлар аталған жоба аясында мата және дайын өнім өндірісін дамытуға, заманауи логистикалық және қойма орталықтарын, сауда-көрме және сервис кешендерін салуға ниетті. Сондай-ақ электрондық сауданы өрістету, білікті мамандар даярлау және дайын өнімді Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарықтарына шығару көзделуде.

Жоба толық қуатында іске қосылған жағдайда, өңірде 12 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл өз кезегінде өңірлік өнім көлемін арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін береді. Шикізаттан бастап дайын өнім мен саудаға дейінгі толық циклді қамтитын бұл бастама Түркістан облысын Орталық Азиядағы тоқыма өнеркәсібінің орталығына айналдыруға зор мүмкіндік береді.