ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ ЖАҢА САПАҒА ШЫҒУДА

Түркістан облысында тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және кедейшілік деңгейін төмендету бағытында жүйелі шаралар атқарылып келеді. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен кеңесте арнайы қаралып, өңір басшысы Нұралхан Көшеров әлеуметтік салаға жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі өз сөзінде әлеуметтік саясаттағы басты мақсат – формалды көмек көрсету емес, нақты нәтижеге қол жеткізу екенін атап өтті.

– Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға жауапты комиссиялардың жұмысы ашық әрі әділ болуы шарт. Комиссия мүшелерін оқытып, халықтың шынайы тұрмыс жағдайын мұқият зерделеу қажет. Біз ең алдымен әлеуметтік көмекке тәуелділікті азайтып, тұрғындарды табыс әкелетін тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беруіміз керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Биылғы жылдың сегіз айында облыста 58 981 азаматқа (9 525 отбасыға) атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Бұл мақсатқа 3,9 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде кедейшілік деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға төмендеп, 2,7 пайызды құрады. Ал әлеуметтік көмек алушылардың саны 35 мың адамға қысқарды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева өңірде цифрлық технологиялардың әлеуметтік салаға белсенді енгізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылып, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды анықтау процесі автоматтандырылған. Бұл жүйе отбасылардың нақты мұқтаждығын бағалап, заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Түркістан облысында әлеуметтік саясат жаңа деңгейге көтерілді. Аз қамтылған және осал топтағы тұрғындарға бағытталған қолдау тетіктері нақты нәтиже беруде. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы әлеуметтік әділдік пен теңдік принциптері бекіп, өңір тұрғындарының өмір сапасы жақсаруда.

Өңір басшылығының айтуынша, алдағы уақытта әлеуметтік қолдаумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту ісіне де ерекше назар аударылмақ. Бұл шаралар халықтың табысын арттырып қана қоймай, Түркістанды әлеуметтік тұрғыдан тұрақты және экономикалық әлеуеті жоғары өңірге айналдыруға мүмкіндік береді.