САУРАНДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ: АУДАНДА КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫН АЛДЫ

Сауран ауданы – Түркістан облысының экономикалық әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Соңғы жылдары мұнда кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс саласын өркендету бағытында нақты жобалар жүзеге асырылып, ауданның экономикалық келбеті түбегейлі өзгеріп келеді.

2024 жылдан бастап ауданның Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде жаңа өндірістік аймақтар құрылуда. Жалпы ауданы 55 гектарды құрайтын бұл аймақтарда шағын және орта бизнес субъектілеріне қолайлы инфрақұрылым жасалып, кәсіп ашуға мүмкіндік берілуде.

Жобалардың толық іске асырылуы нәтижесінде 30 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1094 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл – аудан халқының тұрмыс сапасын арттырып, ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті күшейтетін маңызды қадам.

Жақында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Сауран ауданына арнайы іссапармен келіп, өндіріс алаңдарының құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында ол кәсіпкерлермен кездесіп, жобалардың жүзеге асу кезеңін талқылады.

Мәселен, Иассы өндіріс аймағының жалпы аумағы — 9 гектар. Мұнда 24 жоба іске асырылмақ, оның 16-сы бойынша құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алаң толық қуатында жұмыс істегенде 600-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Инвестиция көлемі — 6,3 млрд теңге.

Ал Қарашық ауылында орналасқан өндіріс аймағының аумағы 10 гектар. Мұнда 20 жоба қолға алынған, оның 12-сі белсенді түрде жүзеге асуда. Толық іске қосылған соң 170-ке жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Сонымен қатар, Талғат Қозбеков Жүйнек ауылдық округіндегі “ASIA BREND” және “DIVALUX” жиһаз цехтарының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорындар бүгінде жүзден астам адамды жұмыспен қамтып, Қазақстанның барлық өңірлеріне өнім жеткізуде. Өндірісте заманауи технологиялар қолданылып, мамандар кәсіпорынның өз базасында оқытылады.

Облыс әкімінің орынбасары өндірістік аймақтардың құрылуы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың қалыптасуына негіз болатынын атап өтті.

Сауранда қолға алынған бұл жобалар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, ауыл кәсіпкерлігінің жаңа дәуірін бастайды.