Түркістан облысындағы негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы, соның ішінде мақта шаруашылығы болып табылатын Жетісай ауданында ақ алтын жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Ерте көктемнен егіс басында тер төгіп, мақтаны күтіп-баптаған шаруалар үшін қазір – ең жауапты сәт.
Аудан әкімі Серік Мамытов жұмыс кестесіне сай мақталық алқаптарды аралап, терім науқанының барысын бақылады. Ол ала жаздай алқапта тынымсыз еңбек етіп, еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетіп жүрген шаруалармен кездесіп, олардың пікірін тыңдады.
Биыл Жетісай ауданының 79,3 мың гектар суармалы жерінің 43,1 мың гектарына жергілікті және Түркия мен Қытайдан әкелінген жоғары өнімді тұқымдық шит егілген. Қазіргі таңда 41,9 мың гектардан 106 525 тонна мақта теріліп, қамбаға жиналды. Науқанға 715 трактор, 897 тіркеме, 61 ОВХ және 239 мақта терім комбайны жұмылдырылған.
Өткен жылы жетісайлық шаруалар 41 мың гектарға шит сеуіп, 112 750 тонна өнім жинаған болатын. Ал биылғы жоспар – 119,3 мың тонна ақ ұлпа алу. Мұндай жоғары межеге жету үшін аудан диқандары заманауи технологияларды белсенді енгізіп келеді.
Атап айтқанда, тамшылатып суару әдісі аудан бойынша 5 646 гектарға ендірілсе, оның 2 600 гектары – мақта алқаптары. Бұл тәсіл – суды үнемдеп қана қоймай, өнім сапасы мен шығымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, биылғы күзгі дала жұмыстарына 1 933,8 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, шаруалардың барлығы толық көлемде қамтамасыз етілген.
Мақта шаруашылығымен қатар, жетісайлықтар ауыл шаруашылығының басқа да бағыттарын қатар дамытып отыр. Биыл аудан диқандары, 17 мың гектарға бақша дақылдарын, 3,3 мың гектарға көкөніс, 8,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,7 мың гектарға мал азықтық шөптер, 261 гектарға картоп егіп, мол өнім жинаған.
Нәтижесінде 452,4 мың тонна бақша өнімі, 88,2 мың тонна көкөніс және 250 мың тонна мал азығы дайындалды. Аудан шаруаларының қажырлы еңбегі мен жаңа технологияларды тиімді қолдануының арқасында Жетісай бүгінде Түркістан облысының агросектордағы жетекші аймақтарының біріне айналып отыр.
