Түркістан өңірінде соңғы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты әрі жүйелі істер қолға алынуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, басты мақсат – «жұрттың әл-ауқатын арттыру және кедейшілікті азайту». Осы бағытта Түркістан облысы да нәтижелі жұмыс көрсетіп отыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында халықтың әлеуметтік осал тобына көрсетілетін көмек, кедейшілікті төмендету және жұмыс орындарын көбейту мәселелері талқыланды. Әкім барлық деңгейдегі басшыларға нақты тапсырмалар жүктеп, әлеуметтік саясаттың басты басымдығы – адам екенін ерекше атап өтті.
– Көмек жүйесі әділ, ашық және тиімді болуы керек. Біз әр отбасының шынайы жағдайын білуге тиіспіз. Әлеуметтік саясат тек жәрдемақымен шектелмеуі қажет – бастысы, әр азаматтың еңбек ету мүмкіндігі болуы шарт. Сондықтан инвестиция тарту, өндіріс ашу, жаңа жұмыс орындарын құру – біздің басты міндетіміз, – деді аймақ басшысы.
Жыл басынан бері облыста 58 981 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 3,9 млрд теңге төлем жасалды. Кедейшілік деңгейі бір жыл ішінде 4,4%-дан 2,7%-ға дейін төмендеген. Бұл — соңғы бес жылда байқалып отырған тұрақты оң үрдістің жалғасы.
Әлеуметтік көмекті әділ тағайындау мақсатында арнайы FSM Social мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл жүйе арқылы аз қамтылған отбасылардың жағдайы автоматты түрде анықталып, адами фактордың әсері азайды.
Бұдан бөлек, «Өңірлік жұмыспен қамту картасы – 2025» бағдарламасы аясында өңірде 130 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 1 788 азамат кәсіп ашуға қайтарымсыз грант алған.
Ауылдарда да әлеуметтік белсенділік артып келеді. Көптеген тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсібін ашып, отбасылық табысын арттыруда. Тұрақты жұмыс пен жаңа өндірістердің пайда болуы – өңірдің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Түркістан облысы бүгінгі таңда әлеуметтік әділдік пен қамқорлық қағидатын нақты іске асырып келе жатқан өңірлердің бірі. Мемлекеттің басты байлығы – адам, ал адамның бақуатты өмірі – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының кепілі екені тағы бір мәрте дәлелденіп отыр.
