Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру бастамасын көтеріп, бұл бағытта ғылым мен инновацияның, технология мен адами капиталдың өзара байланысын нығайтудың маңыздылығын атап өткен болатын. Президенттің бұл тапсырмасын іске асыру жолында Түркістан облысында тың серпін беретін жаңа жобалар қолға алынуда.
Бүгінде Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі «Woosong University Kazakhstan» университеті өз жұмысын бастады. Корея Республикасындағы беделді жоғары оқу орнының филиалы саналатын бұл университет – Қазақстан мен Корея арасындағы білім, ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықтың нақты көрінісі.
Жаңа оқу ордасы еліміздің цифрлық дамуына серпін беріп, IT, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және жасыл экономика бағыттары бойынша заманауи мамандар даярлауға кірісті. Университеттің басты мақсаты – тек сапалы білім беру емес, сонымен қатар ғылыми және технологиялық әлеуетті Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттау.
Қазіргі таңда университет пен өңір басшылығы Корея ғалымдарымен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға дайындық үстінде. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларына жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық тиімділігін арттырып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға, басқару процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Түркістанда жүзеге асырылып жатқан бұл бағыттар Қазақстанның цифрлық трансформация жолындағы нақты қадамдарының бірі саналады. Сондай-ақ, тараптар ортақ ІТ-платформа әзірлеу, жаңа стартаптарды қолдау және технологиялық жобаларды іске асыру мәселелерін қарастыруда. Мұндай бірлескен бастамалар екі ел арасындағы ғылыми-инновациялық байланыстарды нығайтып, жас мамандарға халықаралық тәжірибе алмасуға жол ашады.
Кореяның ғылым мен технологиядағы тәжірибесі, ал Қазақстанның табиғи және адами ресурстық әлеуеті біріге отырып, өңірдің инновациялық дамуына жаңа мүмкіндік туғызбақ. Бұл серіктестік тек білім мен технология саласында ғана емес, сонымен қатар экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың да жаңа кезеңін қалыптастырады.
Бүгінгі таңда Түркістан төрінде Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестіктің жаңа парағы ашылып отыр. Екі елді тарихи сабақтастық, өзара тиімді экономикалық байланыс және ең бастысы – болашаққа деген ортақ көзқарас пен ұмтылыс біріктіреді.
