ОТЫРАР АУДАНЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚАРҚЫН АЛУДА

Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестиция тарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалардың басты мақсаты – аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және жергілікті кәсіпкерлікті қолдау. Осы бағытта айтарлықтай серпін көрсетіп отырған өңірлердің бірі – Отырар ауданы.

Бүгінде Отырар жерінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және кәсіпкерлікті дамыту саласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың ішінде ерекше атап өтуге тұрарлығы – «Eliko Snacks» ЖШС-нің сублимациялық кептірілген жеміс өндіру жобасы. Бұл кәсіпорынның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы олардың қосымша құнын арттыру, сондай-ақ ауданнан шығатын өнімдердің экспорттық әлеуетін күшейту.

Заманауи технологиялар негізінде іске қосылатын өндіріс ошағы тәулігіне 100 килограмм өнім өңдеуге қауқарлы болмақ. Мұнда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын өз жұмысында экологиялық таза, табиғи өнімдерді пайдалануға басымдық беріп, кептірілген жемістерді шетел нарығына шығару арқылы отандық өнімнің беделін арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласында жаңа бағыттардың дамуына жол ашады.

Ауданның экономикалық дамуына серпін беретін тағы бір ауқымды жоба – Ақтөбе ауыл округінде бой көтеріп жатқан «Мұрат» шаруа қожалығының бордақылау алаңы. 5000 бас ірі қара малға арналған бұл жоба – ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызды буыны саналады. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын нысанның құрылысы бүгінде қызу жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, ет өндірісінің көлемі бірнеше есеге артпақ.

Мұндай жобалардың жүзеге асуы ауыл шаруашылығына тың серпін беріп қана қоймай, өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға, ауыл кәсіпкерлігінің дамуына нақты мүмкіндік туғызады. Ең бастысы – Отырар ауданында өндіріс пен өңдеу саласын қатар дамыту арқылы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету және экспорттық бағыттағы өнім көлемін көбейту көзделіп отыр.

Бүгінде аудан әкімдігі мен инвесторлар арасындағы өзара тиімді әріптестік, қолайлы инвестициялық климаттың қалыптасуы, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді пайдаланылуы – мұндай жобалардың сәтті жүзеге асуына жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде Отырар өңірінің экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыра түсері сөзсіз.