Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып, өңір экономикасына тың серпін берілуде. 2025 жылдың басынан бері кәсіпкерлік жобаларды сүйемелдеу қарқынды жүргізіліп, құны 5 миллионнан 500 миллион теңгеге дейінгі 343 жоба тіркелген. Соның 205-і бүгінгі күнге дейін іске қосылып, жалпы 31,3 миллиард теңгені құрайтын жобалар арқылы 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін қалған жобаларды да толық іске қосу жоспарлануда.
Облыс әкімдігі тарапынан жергілікті кәсіпкерлерді қолдау, индустриялық алаңдарды дамыту және өндірістік парктердің құрылысын жеделдету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Соңғы 7 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда оң өсімге ие болды. Бұл бағытта бизнес жобаларды жүзеге асыру, қаржылай қолдау көрсету, индустриялық аймақтарды дамыту және өндірістік парктерді іске қосу сынды төрт негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Сүйемелдеу нәтижесінде облыста нақты өндірістік жобалар іске қосылды. Мысалы, Шардара ауданында күріш өнімдерін өңдейтін «Наурызбай» шаруа қожалығы, Жетісай ауданында мия тамырын қайта өңдеу зауыты мен медициналық мақта өндірісі, Қазығұртта сүт өнімдерін қайта өңдеу зауыты, Ордабасыда металл өндірісі мен сұйық мақта майын өндіру жобалары, Арыста вагондарды жөндеу кәсіпорны, Бәйдібекте қымыз және сүт өнімдері цехы өз жұмысын бастады.
Алдағы уақытта мақта тұқымын өңдеу зауыттары, түйіршіктелген жоңышқа өндірісі, ауыл шаруашылығы техникасына арналған агрегаттар, пластикалық құбырлар мен бетон бұйымдарын шығару, балық шаруашылығы, микробиологиялық тыңайтқыштар, кондитерлік және сүт өнімдерін өңдеу цехтері іске қосылатын болады.
Облыста шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау да тұрақты жүргізілуде. Биыл 181 жобаға жалпы 22,8 млрд теңге бөлініп, шілде айынан бастап кәсіпкерлерге «Өрлеу» бағдарламасы аясында қаржыландыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Түркістан облысында 20 индустриялық аймақ және бірнеше өндірістік парктер қызмет атқарады. Мысалы, Сауран ауданында жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 148 өндірістік ғимарат салуда, ал Шардара және Түркістан қалаларында нақты өндірістік парктердің құрылыс жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда облыста шағын және орта кәсіпкерлік саласында 214 мыңға жуық бизнес субъектісі тіркелген, бұл көрсеткіш бойынша Түркістан республикада үшінші орында тұр. Мұның барлығы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және шағын кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беретін маңызды қадам болып отыр.
