«ДӘМОРДА» АТАУЫМЕН САУРАНДА ЖАҢА ӨНДІРІСТІК КЛАСТЕР ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасымен Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ірі жобалар қолға алынып жатыр. Сол бастамалардың бірі – Иассы ауылдық округінде ашылатын жаңа өндірістік кластер «ДәмОрда», ол ауданның тағам өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңі ретінде қарастырылуда. Жобаны аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жобаның іске қосылуына орай инвесторлар мен жеке кәсіпкерлер қатысқан кеңейтілген жиын өткізілді. Сол шара барысында үш жақты меморандумға қол қойылып, өндірістік аймақ үшін арнайы жер телімі бөлінді. Түркістан облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов жоба маңыздылығына тоқталып, оның өңірлік экономиканы дамытуға қосатын үлесін атап өтті.
📌 «ДәмОрда – Сауранның ғана емес, бүкіл Түркістан облысының тағам өндірісіндегі жаңа брендіне айналады. Бұл бастама кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы нақты қадам болып табылады», – деді аудан басшысы. Кластер толық іске қосылғаннан кейін Иассы ауылдық округі өңірлік тағам өнеркәсібінің маңызды орталығы ретінде қалыптасып, «ДәмОрда» бренді сапалы ұлттық өнімнің жаңа символына айналады.

Жоба құрамына бірнеше ірі кондитерлік және тағам өндірісімен айналысатын кәсіпорындар біріктірілмек:

  • ЖК «Алымжан» (Мухиддиов Алымжан) – кәмпит, қант, тәтті тоқаштар өндірісі, 35 жұмыс орны, жоба құны – 250 млн теңге;
  • ЖК «Шүкіржан» (Тажиметов Шүкіржан Бахтиярұлы) – кондитерлік өнімдер, 20 жұмыс орны, жоба құны – 170 млн теңге;
  • «Айжамал Тәттілері» ЖШС (Бауыржан Жанбуршин) – кондитерлік өнімдер, 60 жұмыс орны, жоба құны – 450 млн теңге;
  • «Грин Сервис» ЖШС (Тәуекелов Еркебұлан) – кондитерлік өнімдер, 20 жұмыс орны, жоба құны – 450 млн теңге;
  • «Әл Береке» АШӨК (Рускулов Аброр Абдураймович) – нан өнімдері, 30 жұмыс орны, жоба құны – 300 млн теңге;
  • ЖК «Сұлтанбай» (Боханов Сұлтанбай Серикбаевич) – кептірілген ет өнімдері, 30 жұмыс орны, жоба құны – 300 млн теңге;
  • ЖК «Бек» (Бекдилдаев Акжан) – консервіленген көкөніс өнімдері, 100 жұмыс орны, жоба құны – 400 млн теңге.

Әр кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр, бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, бюджетке салық түсімдерін арттырады. «ДәмОрда» – тек бір ғана цех емес, бірнеше өндірістік қуатты кәсіпорынды бір орталыққа біріктіретін жаңа форматтағы кластер. Бұл модель өнім сапасын арттырып қана қоймай, өңірдегі бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етеді және Түркістан облысының тағам өнеркәсібінің даму стратегиясына жаңа серпін береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *