Түркістан облысының Келес ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Жалпы құны 15 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жоба аясында 10 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы, заманауи мал сою бекеті, сондай-ақ ет өнімдерін терең өңдеу кешені салынатын болады. Жобаның іске асуы өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығын заманауи деңгейге көтеру мен экономиканы әртараптандыруға айрықша серпін береді.
Жоба аясында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Түркиялық инвесторлармен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар жобаның инфрақұрылымдық және өндірістік мүмкіндіктерін, логистикалық бағыттарын, сондай-ақ жер телімдерін рәсімдеу және қажетті инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жан-жақты талқылады.
📌 «Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі. Осындай ірі жобалар Келес өңірінің дамуына тың серпін береді. Жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік серіктестерге барлық деңгейде қолдау көрсетіледі. Біз жобаның іске асуына жан-жақты атсалысамыз», – деді аудан әкімі.
Қазіргі таңда жобаның бастамашысы Бозай ауылдық округінде 4 277 ірі қара және 9 200 уақ мал ұстап отыр, оның ішінде 1 500 бас асыл тұқымды «қалмақ сиыры» бар. Жоба іске қосылған жағдайда, өңірде жүздеген тұрақты жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың табысы артады. Сонымен қатар ет өнімдерінің экспорттық әлеуеті айтарлықтай өседі, өңдеу және қайта өңдеу салалары дамып, агроөнеркәсіптік кешен толық циклді жұмыс істей бастайды.
Бұл бастама – Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытудағы және экономиканы әртараптандырудағы стратегиялық жобалардың бірі болып табылады. Жоба іске асқаннан кейін, өңірдің агроөнеркәсіптік өнімдерінің сапасы жақсарып, Қазақстандағы ет экспортының көлемі ұлғаяды. Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу арқылы өнімділік артып, өндірістің тиімділігі күшейеді.
Түркістан облысы бүгінгі таңда шетелдік капитал тартуда белсенді жұмыс жүргізіп, агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыру арқылы өңірлік және ұлттық экономикаға нақты үлес қосып отыр. Келес ауданындағы бұл инвестициялық бастама өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң ықпал етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды қадам ретінде бағаланады.
