ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНА ИНВЕСТОРЛАР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға артып келеді. Соның айғағы – Жетісай ауданында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен жаңа жобалардың жүзеге асырылуы. Бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жүргізіліп отыр.

Жетісай ауданында өткен кездесуде аудан әкімі Серік Үсенұлы мен «Горкем Тарым» компаниясының басшысы Горкемоглу Факуруллах өзара келіссөздер жүргізіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Тараптар өндірістік жылыжай мен көкөніс сақтау қоймасын салу, аудан аумағында өсірілетін жеміс-жидектерді шетел нарығына экспорттау, сондай-ақ мол өнім беретін көшеттерді тасымалдау және бау-бақша шаруашылығын дамыту бағытында ынтымақтастық орнатуға келісті.

Кездесу барысында Серік Үсенұлы Жетісай ауданының негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы екенін атап өтіп, мұнда қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға үлкен мүмкіндік бар екенін айтты. «Біздің ауданда мақтамен қатар бақша өнімдері де мол көлемде егіледі. Сондықтан шикізат тапшылығы болмайды. Аудан экономикасына серпін беретін кез келген инвестициялық жобаға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді аудан басшысы.

Айта кетейік, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлық пен жеңілдіктердің арқасында соңғы бес жылда Жетісай ауданына 90,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Тек өткен жылдың өзінде жалпы құны 4,3 млрд теңге болатын 8 жоба іске асырылып, нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны ашылған.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Инвесторлармен тиімді әріптестік орнатып, жаңа өндіріс орындарын ашу – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосатыны сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *