ШЫМКЕНТТЕ «ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ ЭТИКАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

🔹Бүгін Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру жолдары» тақырыбында республикалық семинар өтті.

🔹Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда жаңа қоғамдық этика қағидаттарын орнықтыру, өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіруде отбасы, балабақша және педагогикалық ортаның рөлін айқындау, сондай-ақ осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау.

🔹Семинар аясында «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы балабақша қызметінің рөлі: халықаралық тәжірибе» және «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы балабақша қызметінің рөлі: даму мәселелері» тақырыптарында секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Жиын барысында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесіндегі халықаралық тәжірибе, тәрбие жұмысының басым бағыттары және саланы дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды.

🔹Сонымен қатар «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы Аналар алқасының рөлі» тақырыбында Шымкент қалалық Аналар алқасының кеңейтілген отырысы және «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы педагогикалық ортаның рөлі» тақырыбында кездесу өтті. Талқылаулар барысында отбасы тәрбиесінің маңызы, аналардың қоғамдағы орны, ұстаздардың тәрбие үдерісіндегі жауапкершілігі және қоғамдық құндылықтарды нығайту мәселелері сөз болды.

🔹Республикалық семинарға Қазақстан Республикасы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, Халық Кеңесінің мүшесі, республикалық Аналар алқасының төрағасы Шанаи Нәзипа, Шымкент қаласы Аналар алқасының төрағасы Гүлжан Сүгірбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Әбдез Иманқұлов, білім беру саласының өкілдері, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың басшылары, педагогтер, студенттер, Аналар алқасының мүшелері мен қоғам қайраткерлері қатысты.